Желіде «Қазақмыс» кенішіндегі қайғылы оқиғаны тергеуге қатысты тың деректер пайда болды, деп хабарлайды Alash.kz.
2025 жылғы 17 ақпанда «Қазақмыс» корпорациясына қарасты «Жомарт» кенішінде тау жынысы опырылып, салдарынан жеті шахтер қаза тапты. Ресми тергеу қорытындысы бойынша, апатқа жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі деп танылған.
Алайда марқұмдардың туыстары мен қоғам белсенділері тергеу барысы көптеген сұрақ туындатып отырғанын айтады.
27 қыркүйекте қаза тапқандардың бірінің ағасы Талғат Ақшалов трагедиядан бері жеті айдан астам уақыт өтсе де, сот процесі әлі басталмағанын және іс бойынша нақты жауаптардың жоқ екенін мәлімдеді. Оның айтуынша, бастапқыда жауапкершілікке бірнеше тұлға тартылғанымен, кейін айып тек екі қызметкерге ғана тағылған.
Марқұмдардың жақындары жауапкершілікті компанияның жоғары басшылығы да көтеруі тиіс деп санайды. Олардың пікірінше, «Қазақмыс» ЖШС басқарма төрағасы Нұрахмет Нұриевтің де бұл іс бойынша жауапкершілігі қаралуы қажет.
«Корпорация басшылығының не себепті кінәлі деп танылмағаны бізге түсініксіз», — деді Талғат Ақшалов.
Қоғам белсендісі Берік Жағыпаров тергеу барысында кінәні инженер Нұрым Жаналинді қоса алғанда үш адамға аударуға әрекет жасалып жатқанын айтты. Оның сөзінше, тергеу сілтеме жасап отырған негізгі бұйрық апаттан кейін рәсімделген және оған Н. Жаналин қол қоймаған. Бұл жағдай тағылған айыптардың объективтілігіне күмән тудырады.
Белсендінің айтуынша, бір ғана инженер жылдар бойы жинақталған жүйелі заңбұзушылықтар үшін жауап бере алмайды. Оның пікірінше, нақты жауапкершілік компанияның басқарушы буынына жүктелуі тиіс.
Марқұмдардың туыстары мен қоғам белсенділері барлық жауапты тұлғалар әділ жазалануы үшін ашық әрі адал тергеу жүргізуді талап етіп отыр. Олардың айтуынша, бұл — қаза тапқан шахтерлердің рухына көрсетілер құрмет.
«Жомарт» кенішінде қаза болған кеншілер
Сонымен қатар, қаза тапқандардың жақындары тергеу барысына алаңдаушылық білдіруде. Олар бастапқыда жауапты деп танылған тұлғалардың ішінен тек екі қызметкерге ғана айып тағылып, компания басшылығы, соның ішінде басқарма төрағасы, жауапкершілікке тартылмай отырғанын атап өтті.
Azh.kz деректеріне сәйкес, 2010 жылдан 2025 жылғы ақпанға дейін «Қазақмыс» корпорациясының нысандарында 64 адам қаза тапқан. Қайғылы оқиғалар метан жарылыстары, опырылулар, рудоспускілерге құлау және өндірістік жабдықтардың арасында қысылып қалу салдарынан болған.
Сот тәжірибесі көрсеткендей, кейінгі жылдары мұндай қылмыстық істердің басым бөлігі орта буын қызметкерлеріне шартты жаза тағайындаумен шектелген. Ал топ-менеджмент өкілдеріне нақты жаза қолдану деректері іс жүзінде кездеспейді.
Егер жұмыс беруші 100 пайыз кінәлі деп танылса, онда компанияның жоғарғы басшылығы неге қылмыстық жауапкершілікке тартылмай отыр деген сұрақ көпшілікті алаңдатуда.