Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Төрт жігіт зорлап, Жайық жағасына тастап кеткен»: Оралдық әйел 30 жыл бұрын перзентханада бас тартқан қызын іздейді (ВИДЕО)

15:09, 03 маусым 2026

Қазақстанда бұдан 32 жыл бұрын болған оқиғаның зардабын тартқан Наташа Қалымбетова есімді әйел өз қолымен балалар үйіне өткізген туған қызын әлі күнге дейін іздестіруде, деп хабарлайды Alash.kz. 

Желіде таралған ақпаратқа сүйенсек, ол 1994 жылы небәрі 17 жасында өз ауылының төрт бірдей тұрғыны тарапынан  аяусыз соққыға жығылып, зорлық-зомбылыққа тап болған. Есін Жайық өзенінің жағасында жиған бойжеткен өміріндегі ең қорқынышты түннен кейін аяғы ауырлап қалғанын біледі. Сұмдық жағдайдан соң бойжеткен Орал қаласындағы педагогикалық колледжге оқуға аттанғанымен, сол кезде оның айналасындағылардан ешқандай моральдық қолдау болмаған.

Оқу орнының әкімшілігі мен бірге оқитын курстастары жас қыздың жүкті екенін білсе де, оған ешкім жәрдем қолын созбаған. Жүктіліктің соңғы айларында денсаулығы сыр беріп, перзентханаға шұғыл жеткізілген бойжеткен 1995 жылдың 30 желтоқсанында қыз бала дүниеге әкеліп, есімін Анжелика деп қояды. Алайда, баспанасы мен жұмысының жоқтығынан және дәрігерлердің кеңесімен сәбиін уақытша Сәбилер үйіне тапсыруға мәжбүр болады, бірақ көп ұзамай қызды өзге біреулер асырап алып, ана мен бала арасындағы байланыс үзіліп кеткен.

Қорқынышты түн мен жүктілік кезіндегі ауыр рухани күйзелісі туралы Наташа Қалымбетова былай деп еске алады:

«Жүкті болған барлық 9 ай бойы мен ішімді жек көрдім, өзімді жек көрдім. Өмір сүргім келмеді. Басымнан өткен осы жағдай үнемі есіме түсе берді. Мен бұл баланы жақсы көре алмадым».

Бастапқыда баладан бас тарту туралы құжатқа қол қойғанымен, перзентханада өткізген күндерінде шаранаға бауыр басып, оны алып кеткісі келгенін айтады.

«Босанғаннан кейін перзентханадағы 9-шы күннен соң дәрігерлер менің оны жақсы көріп қалғанымды және бас тартқым келмейтінін көрді. Олар мені түсініп, баланы ешкім алып кеткелі жатқан жоқ деді. Бірақ менің жеке баспанам, жұбайым, жұмысым мен білімім болмағандықтан, қызды өзіммен бірге алып кете алмадым. Маған: «Алдағы 3-4 жылда тұрмысқа шық, оқуыңды бітір де, балаңа кел. Ол осында, Оралда болады», — деді».

Бірақ әлеуметтік жағдайы мен шарасыздығынан баланы балалар үйіне қалдырып, оқуын жалғастыруға мәжбүр болады. Ол үш жыл бойы қызына үзбей барып, халін біліп тұрған. Алайда кезекті рет барған сәтте қызының белгісіз жағдайда ізім-ғайып жоғалып кеткенін біледі. Содан бері арада отыз жыл өтсе де, ана жүрегі перзентімен қайта қауышатын күнді аңсап, іздеуін тоқтатқан емес.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар