Нұрсұлтан Жақсыгеннің бұрынғы жұбайы Фариза Алмасқызы әлеуметтік желіде өзіне бағытталған түрлі айыптаулар мен теріс пікірлерге жауап беріп, бұрынғы күйеуін кешіру туралы ұсыныстарды мүлдем қабылдамайтынын кесіп айтты, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол Instagram Stories бөлімінде сот үкімінен кейін де жағдайдың тынышталмай, керісінше қысымның көбейіп кеткеніне қынжылыс білдірді. Оқырмандары түрлі жазбалар жіберіп жатқанын, әркімнің бұл оқиғаны әртүрлі бұрмалап таратқанын атап өтті. Ол бұрынғы күйеуінің де, оның ата-анасының да жеке басына тиіспегенін айтып, бұл мәселеге нүкте қойылғанын және өзінің де шыдамының шегі бар екенін ескертті.
«Мына негативтің бітетін түрі жоқ. Сот аяқталғаннан кейін бәрі тынышталатын шығар десем, керісінше ушығып бара жатқандай. Оқырмандарым неше түрлі жазбалар жіберіп жатыр. Әркім әртүрлі қылып таратқан. Біреуі "Нұрсұлтанды ақтап аламын" десе, оның қорғаушылары "Мұның бәрін Фариза әдейі ұйымдастырған шығар" деп шығыпты. Шынымды айтсам, бәрінен қатты шаршадым. Мен халықтан көмек сұрап, әділдікті талап еткен, өз намысын қорғаған қарапайым қызбын. Оның әке-шешесіне де, Нұрсұлтанның өзіне де ешқашан тіл тигізіп, жеке басына тиіскен емеспін. Екі жыл бойы қоймағаннан кейін амалсыздан заңға жүгіндім. Енді ол әділетті түрде өз жазасын алуы керек. Сондықтан менен "кешірім бер" деп өтінбеңіздер», — деп мәлімдеді Фариза Алмасқызы.