Қазақстан ұлттық құрамасының өкілі Әлижан Аблағатов Аичи–Нагояда (Жапония) өтіп жатқан XX жазғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазақстандық спортшы ушу-саньдадан 70 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түсті. Жартылай финалда Әлижан Аблағатов Иран өкілі Мохаррами Пирагоммен кездесті. Жекпе-жек қорытындысы бойынша қарсыласы жеңіске жетіп, Әлижан Азия ойындарын қола жүлдемен аяқтады.
Туризм және спорт министрлігінің мәліметінше, бұл — Қазақстан құрамасының қазіргі Азия ойындарында ушудан жеңіп алған алғашқы жүлдесі. Сонымен қатар ұлттық құрама тағы бір жүлдеге кепілдік беріп отыр. 75 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Абдурашид Абдуллаев финалға шығып, алтын медаль үшін күреседі. Жартылай финалда қазақстандық спортшы Қытай Тайбэйінің өкілі Хуан Жанды жеңді. Бұған дейін ширек финалда Абдуллаев Непал өкілі Санджив Махарджанды мерзімінен бұрын жеңген болатын.
Қазақстандық спортшылардың Азия ойындарында ушудан жүлде алу дәстүрі қалыптасқан. 2014 жылы Инчхонда Ришат Ливанчо күміс, Нұрсұлтан Тұрсынқұлов қола медаль иеленді. Ал Аян Тұрсын екі мәрте — 2018 жылы Джакартада және 2023 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қола жүлдегер атанды.
Бүгінде ушу Қазақстандағы бұқаралық спорт түрлерінің бірі саналады. Елімізде бұл спортпен 4 мыңнан астам адам айналысады, оның шамамен 450-і — әйелдер. Спортшыларды 103-ке жуық жаттықтырушы дайындайды, олардың 15-і ауылдық жерлерде жұмыс істейді. Қазақстанда ушумен айналысуға арналған 150-ден астам спорт залы бар. Қазақстан ұлттық құрамасының сапында 266 спортшы бар.
Ушу Азия ойындары, Дүниежүзілік ойындар, Дүниежүзілік жекпе-жек өнері ойындары, Ислам ынтымақтастығы ойындары және жасөспірімдер арасындағы Азия ойындары секілді ірі халықаралық кешенді жарыстардың бағдарламасына енген.