Астана қаласында болған қайғылы өрт бір отбасының тағдырын күрт өзгертті. Сарыарқа ауданындағы жеке тұрғын үйден шыққан тілсіз жау салдарынан 2016 жылы туған бала қаза тауып, отбасы баспанасыз қалды, деп жазады Alash.KZ
Жаслан Нұғымановтың айтуынша, өрт 13 мамыр күні болған. Сол сәтте үйде отбасы мүшелері болған. Даму ерекшелігі бар ұлы аулада тұрған көліктің ішінде отырған. Өрттің қалай басталғаны әзірге анықталып жатыр.

«Бәрі бір сәтте болды. Баланы құтқаруға да, өртті сөндіруге де тырыстық. Бірақ жалын өте тез тарады», – дейді ол.
Астана қалалық төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, оқиға орнына құтқарушылар жедел жеткен. Алайда өртті сөндіру барысында баланың денесі табылған. Жалын жеке тұрғын үй мен ауладағы көлікті толықтай жойып жіберген.
Өрттен кейін Нұғымановтар отбасы туыстарының үйін паналауға мәжбүр болды. Аудан әкімдігі уақытша баспана жалдауға қаржылай көмек көрсеткенімен, отбасына алдағы уақытта баспананы қалпына келтіру үшін қомақты қаражат қажет.

Бұл отбасының басынан өткерген алғашқы ауыр қайғысы емес. 2024 жылы Жасланның ағасы кенеттен көз жұмған. Артынша әкесінің денсаулығы сыр беріп, енді отбасы тағы бір ауыр сынаққа тап болып отыр.
Нұғымановтар екі жыл бұрын Солтүстік Қазақстан облысынан Астанаға балаларына қажетті түзету орталықтары мен арнайы білім беру мүмкіндіктері үшін көшіп келген. Ауылдағы үйлерін сатып, елордадан баспана алған. Отбасы осы уақытқа дейін ешқандай мемлекеттік көмек сұрамай, өз күштерімен күн көріп келгенін айтады.
Қазір отбасында алты адам бар: Жаслан, жұбайы, екі баласы және қарт ата-анасы. Жұбайы балалардың күтімімен айналысатындықтан жұмыс істемейді. Отбасының негізгі асыраушысы – Жасланның өзі.
«Еңсемді түсіруге болмайды. Артымда балаларым мен ата-анам бар. Солар үшін өмірді қайта қалыпқа келтіруге тырысамын», – дейді ол.
Қайғылы оқиғадан кейін баспанасынан және дүние-мүлкінен айырылған отбасы жұртшылықтан қолдау мен көмек сұрайды.