Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ақтөбеде домбыраға тіл тигізген адамға сот үкімі шықты

13:44, 04 маусым 2026

Ақтөбеде TikTok-тағы даулы мәлімдемелері үшін ер адам 3,5 жылға сотталды, деп жазады Alash.KZ

Ақтөбе қалалық соты TikTok әлеуметтік желісінде жариялаған видеолары үшін 35 жастағы Азат Қонысқа қатысты үкім шығарды. Сот оны діни алауыздықты қоздырды деп танып, 3 жыл 6 айға бас бостандығынан айырды.

Судья Жаслан Қайболдиннің шешімімен сотталушы жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтейтін болды.

Тергеу материалдарына сәйкес, айыпталушы әлеуметтік желіде діни қызметкерлердің ар-намысына тиетін сөздер айтып, ұлттық құндылықтарға қатысты қорлайтын сипаттағы пікірлер жариялаған.

Сот отырысында Азат Қоныс өз кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірді. Ол домбыра мен дін өкілдері туралы айтқан сөздері үшін кешірім сұрап, өзіне бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза тағайындауды өтінді.

«Өз кінәмді толық мойындаймын. Айтқан сөздеріме өкінемін және кешірім сұраймын», – деді сотталушы соңғы сөзінде.

Сот залында оның әкесі де сөз сөйлеп, ұлының әрекеті үшін кешірім сұрады. Сонымен қатар, сотталушы мен оның отбасы фото және бейнетүсірілім жүргізуге қарсылық білдірді.

Нәтижесінде сот Азат Қонысты Қылмыстық кодекстің 174-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар