Қырғызстанның бұрынғы премьер-министрі Данияр Үсеновтің ұлы Ұрмат Үсенов Алматыдағы тергеу изоляторына қамалды, деп жазады Alash.KZ
Kaktus.media басылымының мәліметінше, Ұрмат Үсеновпен бірге Қырғызстанның тағы екі азаматы мен Қазақстанның бір тұрғыны заңсыз кәсіпкерлікпен айналысты және трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топ құрды деген күдікке ілінген.
Осыған байланысты Алматы қаласының мамандандырылған ауданаралық тергеу соты 10 наурызда күдіктілерді екі айға қамауға алу туралы санкция берген.
Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің есебіне сәйкес, заңсыз әрекеттер салдарынан мемлекетке 26 миллион теңге көлемінде шығын келген. Тергеу барысында салмағы 1,6 тоннадан асатын қорқор темекісі тәркіленген. Оның құны 46 миллион теңгеден асады деп бағалануда.
Айта кетейік, Данияр Үсенов 2009–2010 жылдары Қырғызстан үкіметін басқарған. 2010 жылғы сәуір оқиғаларынан кейін қызметінен кетіп, кейін Даниил Урицкий есімімен жаңа құжат алған. БАҚ мәліметінше, 2017 жылдан бері Беларусьтегі ірі мемлекеттік корпорациялардың бірін басқарады.
Қырғызстан билігі оны бірнеше рет экстрадициялауды сұрағанымен, Беларусь тарапы бұл талаптарды орындаудан бас тартқан.