Шымкент қаласындағы Қайнарбұлақ тұрғын алабында болған қайғылы жол-көлік оқиғасына қатысты марқұмның жақындары әділдік талап етуде, деп жазады Alash.kz.
Марқұмның туыстарының хабарлауынша, бесінші сынып оқушысы қарындасын ертіп, дүкенге балмұздақ алуға шыққан. Балалар белгіленген жаяу жүргіншілер өткелінен өтіп бара жатқан сәтте, оларды үлкен жылдамдықпен келген арнайы техника қаққан. Алған ауыр жарақаттарының салдарынан 11 жасар Нұрасыл оқиға орнында тіл тартпастан жан тапсырды. Қазіргі уақытта күдікті жүргізуші полиция қызметкерлері тарапынан ұсталып, аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Қайғыдан қабырғасы қайысқан баланың әкесі жол апатына кінәлі тұлғаның заң аясында әділ әрі ең ауыр жазаға тартылуын талап етіп отыр:
«Ол жаяу жүргіншілер өткелімен келе жатқан еді ғой! Кінәлі адам лайықты жазасын алсын. Бала жолды белгіленген жерден өтті. Бұл жерде тағы не айтуға болады? Жүргізуші жолға қарауға міндетті емес пе?»
Куәгерлердің айтуынша, оқиғадан кейін Абай ауданы әкімдігіне қарасты коммуналдық кәсіпорынның жүргізушісі қатты есеңгіреп, есін жия алмай қалған. Қазіргі уақытта оның басқаруында болған жүк көлігі арнайы айып тұрағына қойылды.
Шымкент қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі аталған факті бойынша тергеу амалдарының басталғанын ресми түрде мәлімдеді:
«Шымкент қаласының Қайнарбұлақ шағын ауданында жүк автокөлігінің жүргізушісі жаяу жүргіншілер өткелінде кәмелетке толмаған баланы қағып кетті. Жел-көлік оқиғасы салдарынан 11 жасар бала оқиға орнында қайтыс болды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды».
Айта кетерлігі, бұл — соңғы бір апта ішінде Қазақстанда орын алып отырған осындай екінші қайғылы жағдай. Бұған дейін елордада велосипед мінген мектеп оқушысын байқамай қалған бетон араластырғыш көліктің жүргізушісі баланы қағып, жеткіншек мерт болған еді. Қайғылы жағдайда көз жұмған бесінші сынып оқушысы Нұрасыл 2 маусым күні жерленді. Қазіргі уақытта апаттың барлық мән-жайын анықтау бағытындағы тергеу шаралары жалғасуда.