Ақтөбеде көпқабатты үйдің ауласындағы қоқыс арасынан табылған жаңа туған нәрестенің денсаулығы қалпына келіп, жағдайы тұрақталды, деп хабарлайды Alash.kz.
Қазіргі уақытта қалалық балалар ауруханасында ем қабылдап жатқан шарананың құжаттары тиісті органдармен бірлесіп рәсімделу үстінде. Дәрігерлер өмірге деген құлшынысы мен төзімділігі үшін кішкентай ұлға Батыр деген есім берген. Осыдан он күн бұрын қара пакетке оралып, тастанды болған сәби тиісті заңдық рәсімдер аяқталғаннан кейін мамандандырылған балалар үйіне орналастырылмақ. Ал оны тастап кеткен ананы іздестіру және қылмыстық іс аясындағы тергеу шаралары әлі де жалғасып жатыр.
Бұл қайғылы оқиға осыдан тура он күн бұрын орын алған еді. Аулада серуендеп жүрген 13 жастағы мектеп оқушысы құрбысымен бірге қозғалып жатқан қара пакетті байқап қалады. Алғашқыда ішінде мысық бар деп ойлаған қыздар бірден ересектерді көмекке шақырған. Пакетті ашқан кезде ішінен жаңа туған нәресте табылып, ол шұғыл түрде ауруханаға жеткізілді. Дәрігерлердің айтуынша, алғаш түскенде салмағы 2 келі 900 грамм болған сәби бүгінде 3 келі 120 граммға жеткен. Мамандар оның жағдайын әлі де орташа ауыр деп бағалағанымен, барлық медициналық талдау қорытындылары қалыпқа келіп, баланың белсенді түрде салмақ қосып жатқанын жеткізді.
Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының бөлім басшысы Әлия Шарбақова сәбидің қазіргі жағдайы мен алдағы тағдырына қатысты ресми мәлімдеме жасады:
«Салмағы өз жасына сәйкес қосылуда. Бүгінде қорғаныш бөлімі өкілдерімен және де ішкі істер басқармасы өклідерімен бірлесіп құжаттары рәсімделуде. Құжат дайын болғаннан кейін «Үміт» балалар үйіне орналастырылады».