Елордадағы Сарыарқа ауданында 2025 жылы тұрғындардың жайлы өмір сүруіне бағытталған ауқымды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.
Биыл аудан аумағында бұзылған гараждардың, ескі үйлер мен бос жатқан жер телімдерінің орнына алты жаңа қоғамдық кеңістік пайда болды. Абаттандырылған аумақтың жалпы көлемі 18 мың шаршы метрден асты. Барлық жобалар жақын маңдағы үйлер тұрғындарының ұсыныстары ескеріле отырып әзірленген.

Атап айтқанда, бұрын тұрғын үй орналасқан Алтынемел және Гёте көшелерінің қиылысында аумағы 2 мың шаршы метрден асатын қауіпсіз әрі жарықтандырылған демалыс аймағы жасақталды. Ы. Дүкенұлы көшесі мен Республика даңғылының қиылысындағы «Иллюзия» сквері толық жаңғыртылып, оның аумағы 5,8 мың шаршы метрден асты. Мұнда жаңа жаяу жүргінші бағыттары салынды, заманауи жарықтандыру мен абаттандыру элементтері орнатылып, кеңістік тәуліктің кез келген уақытында серуендеуге қолайлы әрі ашық бола түсті.

Сондай-ақ Республика даңғылы, 7/1 мекенжайы бойынша жаңа қоғамдық кеңістік абаттандырылды. Қарасай батыр көшесі, 16 және Жамбыл көшесі, 8 мекенжайларындағы бос жатқан аумақтар да ретке келтірілді.

Гёте, А. Мамбетова және Ғұмара Қараш көшелері сияқты тарихи көшелерді жаңартуға да ерекше назар аударылды. Бұл жерлерде заманауи жарық бағаналары орнатылып, жаңа көше жиһаздары қойылды.

Қалалық ортаны кешенді жаңартудың ең көрнекті үлгілерінің бірі – Н. Тілендиев даңғылының Көктал көшесінен Астрахан тас жолындағы көпірге дейінгі аралығы болды. Мұнда бір мезгілде бірнеше бағытта – абаттандыру, көгалдандыру және жаяу жүргінші инфрақұрылымының қолайлылығын арттыру бойынша жұмыстар атқарылды.

«Бөлгіш жолақта бұрынғы тас төсемнің орнына толыққанды жасыл дәліз жасалды. Егілген ағаштар мен бұталар шаң мен шудан табиғи тосқауыл құрып, микроклимат пен экологиялық жағдайды жақсартады. Жоба аясында 510-нан астам жалпақ жапырақты қарағаш және 44 мыңнан аса сәндік-гүлді бұта отырғызылды. Бұл шешім эстетикалық көріністі ғана емес, экологияны да жақсартып, ауаның ластануын азайтады әрі даңғылды жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер үшін жайлы етеді», – деп хабарлады Сарыарқа ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Жаңарту жұмыстары Е. Рахмадиев атындағы филармония алдындағы алаңды да қамтыды. Мұнда жаяу жүргінші аймақтары толық ретке келтіріліп, тактильді тақталар төселді және кедергісіз орта қамтамасыз етілді. Бұл жұмыстар елордада инклюзивті ортаны қалыптастыру мақсаттарына сай жүзеге асырылды. Кеңістік заманауи көше жиһаздарымен, жаңа жарықтандыру тіректерімен, жергілікті суару жүйесімен және қосымша көгалдандырумен толықты.
Жыл ішінде ауданда 52 аула абаттандырылды, оның 36-сы «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында жүзеге асқан. Жалпы көлемі 20 мың шаршы метрден астам аула аумағы жаңартылды. Бұл жерлерде заманауи балалар ойын кешендері мен спорт алаңдары орнатылып, демалыс аймақтары жабдықталды және жарықтандыру күшейтілді. Аулалар күнделікті пайдалануға – бүлдіршіндерге де, жасөспірімдер мен жастарға да қолайлы әрі ашық кеңістікке айналды.
«Барлық шешімдер тұрғындардың өз сұраныстары ескеріле отырып қабылданды. Мақсат – аулаларды шын мәнінде жайлы әрі тірі кеңістікке айналдыру», – деп атап өтті баспасөз қызметі.
Сонымен қатар, ауданның 263 ауласында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізіліп, әткеншектер, сырғанақтар және басқа да шағын сәулеттік нысандар жаңартылды.
Айта кетейік, биыл елордада барлығы 170 аула мен қоғамдық кеңістік (парктер, скверлер, бульварлар) абаттандырылды. Бұл жұмыстар қаланың барлық аудандарын, соның ішінде тұрғын алаптарды да қамтыды.