Алматы–Өскемен автожолында болған ауыр жол апаты адам өлімімен аяқталды. Автобус пен жүк көлігі соқтығысқан оқиға бойынша полиция сотқа дейінгі тергеу бастады, деп хабарлайды Alash.kz
Алматы–Өскемен автожолында автобус пен жүк көлігі қатысқан жол-көлік оқиғасы тіркелді. Апат салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында көз жұмды.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, қайғылы оқиға 2025 жылғы 23 желтоқсанда шамамен сағат 08:20-де автожолдың 681-шақырымында болған.
«2025 жылғы 23 желтоқсанда шамамен сағат 08:20-да Алматы-Өскемен автожолының 681-шақырымында Yutong маркалы автобус пен КамАЗ-5320 жүк көлігінің қатысуымен жол-көлік оқиғасы тіркелді.
Соқтығысу салдарынан автобус жүргізушісі оқиға орнында қаза тапты. Үш адам медициналық мекемеге жүгініп, тексеруден кейін үйлеріне жіберілді», – делінген ПД хабарламасында.
Аталған дерек бойынша жол-көлік оқиғасының барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, тиісті сот сараптамалары тағайындалды. Олардың нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеудің өзге мәліметтері жария етілмейтіні атап өтілді.
Полиция департаменті жүргізушілерге жол қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.
«Абай облысының Полиция департаменті жүргізушілерге ескертеді: белгіленген жылдамдық режимін және қауіпсіз арақашықтықты сақтаңыз, қарсы бағытқа шықпаңыз, көлік құралын тек демалып алған жағдайда ғана басқарыңыз. Есіңізде болсын, рөлдегі әрбір әрекетіңіз айналаңыздағы адамдардың өмірі мен қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді», – делінген хабарламада.