Белгілі кәсіпкер жылдар бойы қорлық көрсетіп, еркінен тыс жұмыс істеткен, деп хабарлайды Alash.kz 24kz арнасына сілтеме жасап.
Қожагелді Жалғасбаевтың сөзінше, 20 жыл бұрын қазақстандық кәсіпкер "жұмыс тауып беремін" деген уәдемен отбасымен бірге шекарадан алып өткен. Сол уақыттан бері айдалада мал баққызып, ешқандай ақша бермеген. Жалғыз өзін ғана емес, жолдасы мен бала-шағасын да қара жұмысқа жеккенін айтады.
"Шекарадан өздері алып өтті. Осы жаққа әкеліп, мал бақтырды. Жиырма жыл өтті. Ана адамға да, мына адамға да айтам. Құдай айдап, мына ініме айттым. Осы кісілермен кетіп қалдым, қашып кеттім мен. Бала-шағам қалды ана жақта", – дейді ол.
Оның айтуынша, отбасы мүшелерін бір-бірінен бөліп, ауыр жұмыстарға салған. Балалары мектепке бармаған, тіпті бірінің қолын шауып тастаған.
"Қанша жыл азап көрдім. Ұрып-соғады, айдалада жатам. Балаларымды көрген емеспін. Баламның қолын мына жерден шауып тастады. Балаларды да ұрып-соғады. Үшеуі де мектепке бармаған. Олардың орнына жалған анықтама жасатыпты", – дейді Қожагелді Жалғасбаев.
Ал оның жұбайы Шолпан Жалғасбаева балаларының екеуін құлдықта жүріп, лашықта босанғанын айтты.
"Балаларымды көрген жоқпын. Бір өзім малдың басында жүрдім. Үлкен ұлды тыр жалаңаш далаға шығарып, үстіне су құйған. Осындай қорлық көрсетті", – дейді ол.
Құзырлы органдар бұл жағдайдан екі апта бұрын хабардар болған. Қазалы аудандық полиция бөлімі "Бас бостандығынан заңсыз айыру" бабы бойынша тергеу жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.
"Қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу шаралары жүріп жатыр", – деді Қазалы АПБ бастығының тергеу жөніндегі орынбасары Қуандық Оразов.