Белгілі тележүргізуші Дана Нұржігіт қазақ өнерінің аңызы Асанәлі Әшімовтің қайтыс болуына байланысты әсерлі жазба жариялап, марқұмның жарқын бейнесін еске алды, деп хабарлайды Alash.kz.
"13-14 желтоқсанға жоспарланған "Өмір өрнегі" хабарының түсірілімдерін бір күнге ғана қойыңдар, 14 күні студияны "Кешіrec" бағдарламасы үшін босату керек!" деген бұйрық келді арна басшыларынан. Бір күнде 3-4 хабарды бірден түсіру оңай емес, десек те 13 желтоқсан күні жұмысымызды бітіріп кеттік. 14 күні қонаққа Асанәлі ағамыз келген екен. Соңғы рет...
Студияға кірер алдында грим жасаған қызымыз Айнаш әлі есеңгіреп жүр. Қонақтың бетін опалап, эфирге дайындап жатқан Айнашқа Асекең "қатты боямаңдар!" деп ескерткенін айтып отыр. Кеше ғана еді ғой дейді.
Бағдат жеңгемізге, құрдасымызға "ағамыз Сізге аманат" деген едім. Жеңгеміз Асекеңнің соңғы жылдарын шуақты етті, бала сыйлады, жағасын кірлетпей, аттан түсірмей, түтінін түзу шығарды. Кешегідей есімде: бір тойда Асекең мен Бағдат ханым бірге келіп, тойдың соңына дейін болды. Асекең дастархан басында қатарластарымен отырғанда Бағдат ханым ортада келіншектермен бірге билеп жүрді. Асекең ұзақ уақыт сырттарынан қарап, жарының қуанып, ортасының гүлі болып жүргеніне риза болып отырғаны әлі көз алдымда. Өтіп бара жатқан өмір-ай! Десек те... Өмір өтпейді. Біз өтеміз өмірден... Бекем болыңыз, Бағдат!" – деп жазды танымал тележүргізуші.