Үкімет алдағы уақытта мал бағатын жұмысшыға арнап әлеуметтік пакет ұсынбақшы. Бұл жаңалықты премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин жеткізді, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
«7 күн» бағдарламасының хабарлауынша, бақташылар еңбегіне қосымша жәрдемақы алып, ерте зейнетке шығады. Ал бала-шағасы оқуды тегін оқып, тіпті әскерден босатылады.
Жұманғариннің сөзінше бастама – 2026-2030 жылдарға арналған мал шаруашылығын қолдау және дамыту жөніндегі кешенді жоспардың бір бөлігі. Мәселенің мән-жайын Ауыл шаруашылығы министрлігі түсіндірді.
«Бақташылар, яғни, түйеші, шопандардың зейнет жасын төмендету, балаларын грант арқылы оқыту бойынша қосымша жеңілдіктер қарастыру жөнінде ұсыныс келіп түскен болатын. Қазіргі таңда оны жұмыс тобы қарастырып жатыр», - дейді ведомство мамандары.
Депутаттар да малшыларға қолдау білдіру керек деп отыр. Айдарбек Хожаназаровтың пікірінше еңбек адамдарының жалақысын көтеріп қана қоймай, баспанамен қамту керек.
«Қазір шопан табу қиын. 500-700 мың теңге ұсынсаң да, жұмысшы табыла бермейді. Бөлек мәртебе беру, бөлек қолдау – мал шаруашылығы үшін өте маңызды. Президентіміз де келесі жылы мал шаруашылығына көңіл бөлінетінін айтты», - дейді Айдарбек Хожаназаров.