Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Ауырсақ емхана, оқысақ мектеп жоқ: Астана тұрғыны өз жанайқайын жеткізді

11:46, 21 шілде 2026

Астанада тұрғындар пайдалануға берілмеген үйдің құжаттарын рәсімдей алмай жүргендерін айтты, деп хабарлайды ALASH.KZ.

Астанадағы Басқару көшесі, 4 мекенжайында орналасқан тұрғын үйдің тұрғындары баспананың құжаттарын рәсімдеу мәселесін шешуге көмектесуді сұрап, ел билігіне үндеу жасады.

Тұрғындардың Newtimes.kz сайтына баяндағанындай, үй салынып, адамдар қоныстанғанымен, әлі күнге дейін ресми түрде пайдалануға берілмеген. Соның салдарынан олар тұрақты тіркеуге тұра алмай, медициналық қызметтерді толық пайдалана алмай және балаларын мектепке орналастыра алмай отыр.

«Үй салынды, тұрғындар көшіп келіп, жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бірақ әлі күнге дейін баспанаға қатысты заңды құқықтарымызды рәсімдей алмай отырмыз. Құжаттарымыз жоқ», – деді тұрғындар бейнеүндеуде.

Олардың айтуынша, бұл мәселе бірнеше рет кейінге қалдырылғанымен, әзірге нақты шешім қабылданбаған. Тұрғындар құзырлы органдардан үйді ресми түрде пайдалануға беру мәселесін жедел шешуді сұрады.

Еске салайық, бұған дейін Астанадағы Сарайшық ауданында тұрғындар Ахмет Байтұрсынұлы мен Қажымұқан Нағымеденов көшелерінің қиылысында көпқабатты тұрғын үй салуға қарсылық білдірген болатын.

Тұрғындардың шағымынан кейін 15 шілдеде аталған жерде Сарайшық ауданының әкімі Мақсат Саматұлының қатысуымен кездесу өтті. Кездесу барысында әкім аумақта нақты қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын анықтаған. Тұрғындардың сөзінше, қазылған шұңқыр құрылыс жұмыстарының басталғанын көрсетеді.

Ал аудан әкімі бұл жұмыстардың заңсыз жүргізіліп жатқанын айтып, олардың тоқтатылатынын мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар