Рио-де-Жанейро Олимпиадасының жеңімпазы Данияр Елеусінов денсаулық жағдайына байланысты арнайы емдеу курсын бастағанын мәлімдеді, деп хабарлайды Alash.kz.
Спортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында қазіргі жай-күйіне тоқталып, жанкүйерлерін сабырға шақырды. Оның сөзінше, бұл жолы тек тамырға дәрі салдырумен шектелмей, толыққанды кешенді ем-дом алып жатыр.
«Қазір ем қабылдауды бастадым. Тек тамырға дәрі алу емес, жалпы кешенді түрде емделіп жатырмын. Алла қаласа, бәрі жақсы болады деп ойлаймын», — деді ринг шебері.
Сондай-ақ боксшы бұған дейін орын алған келеңсіз жағдайларға көңіл аудармауды өтініп, өзінің көңіл-күйі мен желідегі әрекеттеріне қатысты да ойын білдірді.
«Сондықтан бұған дейін болған жағдайларға мән бермеңіздер. Біреуді ренжітіп қойған болсам, ауыр сөздер айтып қойған шығармын. Кімде болмайды? Менің жаман әдетім - эфирге шығып кету. Бірақ енді ондай болмайды деп ойлаймын. Өйткені бұл дерттен арылуға байыппен кірісіп отырмын», — деп ағынан жарылды ол.
Емдеу шараларына байыппен кіріскен былғары қолғап шебері жақын арада сапқа қайта қосылатынын айтып, жанкүйерлерін қуантты.
«Бәрі жақсы болады. Жақында қайта қатарға қосыламын. Бұрынғы көңілді, бақытты Данияр қайта оралады», — деп түйіндеді Данияр Елеусінов.