Маңғыстау облысы Ақжігіт ауылында қайтыс болған 17 жастағы жасөспірімнің өліміне байланысты ауыр дене жарақатын келтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Бұл туралы Lada.kz хабарлады, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Маңғыстау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, ҚР ҚК 196-бабы 3-бөлігі – адам өліміне алып келген қасақана ауыр дене жарақатын келтіру дерегі бойынша күдікті ұсталды.
Бұған дейін құқық қорғау органдары күдіктіге іздеу жариялап, хабарландыру таратқан болатын. Онда күдіктінің марқұммен бір ауылда тұратын 20 жастағы жігіт екені көрсетілген.
Егер тергеу барысында бап өзгермесе, күдікті 8 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жазамен бірге мүлкін тәркілеу де қарастырылған.
Еске сала кетейік, 8 сәуірде Бейнеу ауданына қарасты Ақжігіт ауылында 17 жастағы бозбала жұмбақ жағдайда қайтыс болды. Туыстарына оның құлап, жарақат алғаны, сол себепті көз жұмғаны айтылған. Алайда отбасы оның өліміне өзге біреулердің қатысы бар деп күдіктенеді.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.