Алматы облысында ер адам көршісінің итін тапаншамен атып өлтіргені туралы ақпарат тарады. Оқиға Қосөзен ауылында болған, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Жануардың иесі, студент Сұлтан Әбіханов бұл жағдайды Threads әлеуметтік желісінде жазды. Оның айтуынша, Брат есімді питбуль көршісінің әйеліне үрген. Алайда жігіттің сөзінше, ит ешкімге шабуыл жасамаған және агрессия танытпаған.
Сұлтанның мәліметінше, ол Алматы қаласындағы пәтер мәселесіне байланысты итін екі күнге тәтесінің жеке үйіне апарып қалдырған. Ит жеке аумақта, толық қоршалған аулада болған. Қоршауда саңылау болмаған, аулада балалардың ойыншықтары тұрған және балалар итпен жиі ойнайтын көрінеді.
«Университеттен кейін Братты алып кетпек болдым, бірақ үлгермедім. Ол күшіктердің ішіндегі ең кішкентайы еді, емізікпен тамақтандырып өсірдік», – дейді иесі.
Жігіттің айтуынша, көршісі аулаға кірген сәтте ит үрген, бірақ жақындап келгенде ер адам жануарды басынан атып жіберген.
Ветеринарлық клиника қорытындысына сәйкес, иттің басы мен мойын тұсынан оқ табылған. Құжатта мойынның жұмсақ тіндерінде (С5–С6 проекциясы) және шүйде сүйегі аймағында рентгенконтрастты бөгде заттар анықталғаны көрсетілген.
Алайда Сұлтан ветеринарлық клиникалардың сот-медициналық сараптама жүргізуге құзыреті жоқ екенін айтып отыр. Оның сөзінше, дәлелдемелердің заңды түрде рәсімделмеуі істің жабылып қалуына себеп болуы мүмкін. Сол себепті тергеу басталғанша жануардың денесі мұздатылған.
Алматы облысының полиция департаменті оқиғаның Іле ауданы аумағында болғанын растады. Алайда жарияланған сәтке дейін ресми толық түсініктеме берілмеген. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.