Америка Құрама Штаттарының президенті Дональд Трамп Ауғанстандағы Баграм әскери базасына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол бұл ойымен Х (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісінде бөлісті. Саясаткердің сөзінше, нысан америкалық қаржыға салынғандықтан, қайтадан АҚШ бақылауына өтуі тиіс.
“Біз Баграмды өз қаражатымызға тұрғыздық. Сондықтан ол АҚШ-қа тиесілі болуы керек. Егер база америкалық бақылауға берілмесе, Ауғанстанда өте қауіпті әрі жаман әрекеттер орын алуы мүмкін”, – деп жазды Трамп әлеуметтік желідегі парақшасында.
Баграм әуе базасы – Ауғанстандағы ең ірі әскери нысандардың бірі. Ол АҚШ пен оның одақтастарының бұл елдегі операциялары кезінде стратегиялық орталық ретінде қызмет атқарған. 2021 жылы АҚШ әскерлері елден шығарылғаннан кейін база ауған күштерінің қарамағына берілген еді.
Трамптың бұл жазбасы америкалық саясаткерлер арасында қызу пікірталас тудырды. Кей желі қолданушылары оның сөзін АҚШ-тың сыртқы саясаттағы ықпалын күшейтуге бағытталған қадам деп бағаласа, енді бір бөлігі мұны Ауғанстандағы жағдайды ушықтыру қаупі бар бастама ретінде қарастырып отыр.
Вашингтон билігі әзірге бұл ұсынысқа қатысты ресми ұстанымын жариялаған жоқ.