Атырау облыстық соты қазақстандыққа салынған 37 миллиард теңге көлеміндегі бұрын-соңды болмаған айыппұлды түсіндірді, деп хабарлайды Alash.kz Tengrinews.kz сайтына сілтеп.
Бұған дейін біз қазақстандық азаматқа миллиардтаған теңге көлемінде айыппұл салынғанын және оны өтеу үшін 3700 жыл қажет болатынын жазған едік.
37 миллиард теңге айыппұлды кім белгіледі?
2023 жылғы 1 қарашада Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысымен “Oxygenator” ЖШС Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 328-бабының 1-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 37 495 296 527,4 теңге көлемінде айыппұл салынды.
2023 жылғы 29 қарашада Атырау облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасы бұл шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, сот қаулысы заңды күшіне енді.
37 миллиард теңге айыппұл қалай есептелді?
Облыстық соттың түсіндіруінше, айыппұл мөлшері қоршаған ортаға келтірілген залалдың деңгейіне байланысты анықталған. Яғни, ластанушы заттардың рұқсат етілген нормадан асып кетуіне қарай есептелген төлем мөлшерлемелері қолданылған. Бұл есептеулер айыппұлдың 37,4 миллиард теңгені құрауына негіз болды.
Миллиардтаған теңге айыппұл кімдерге салынған?
Атырау облыстық сотының мәліметінше, 2023-2024 жылдары облыс соттары ҚР ӘҚБК 328-бабы бойынша шетелдік компанияларға қатысты 3 әкімшілік істі қараған. Алайда олардың айыппұл сомасы әлдеқайда төмен болған:
• Бір компанияға – 9 595 803 780 теңге,
• Екінші компанияға – 12 417 822 179 теңге,
• Үшінші компанияға – 2 825 242 481 теңгекөлемінде айыппұл салынған.
Олардың екеуі айыппұлды ерікті түрде төлесе, үшінші компанияға қатысты іс орындау сатысындатұр.
“Oxygenator” ЖШС-нің кінәсі неде?
Желіде Атыраудағы кәсіпкерге 37 миллиард теңге айыппұл салынғаны туралы видеотараған болатын. Бұл ақпарат көпшіліктің наразылығын тудырды.
Кейін белгілі болғандай, 42 жастағы Мұрат Ниязов экологиялық заңнаманы бұзғаны үшін осындай қомақты айыппұлға тартылған. Ол мұнай қалдықтарын кәдеге жарату бойынша шағын кәсіпорынның иесі. Соттың шешіміне сәйкес, “Oxygenator” ЖШС экологиялық рұқсатсыз қауіпті мұнай қалдықтарын жинаған, бұл заңбұзушылық болып саналады.
Кәсіпкер айыппұлды төлей ала ма?
Айыппұл көлеміне қатысты пікір білдірген Мұрат Ниязов өзінің жылына максимум 10 миллион теңге ғана төлей алатынын айтты. Осы есеп бойынша, 37 миллиард теңгені өтеу үшін оған 3700 жыл қажет.