Атырау облысында екі жасар егіз баланың анасы олардың туған әкесін жыныстық зорлық жасады деп айыптап отыр. Әйелдің айтуынша, бұл жағдай бір жылға жуық уақыт бойы жүйелі түрде жалғасқан. Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанымен, жәбірленуші тарап тергеу жұмыстарының тым ұзаққа созылып кеткеніне алаңдаулы, деп жазады Alash.KZ порталы Orda.kz сайты алған сұхбатқа сілтеме жасап.
Әйелдің сөзінше, іс Атырау облысы Полиция департаментінде Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 121-бабы 4-бөлігінің 4-тармағы бойынша қаралып жатыр. Күдікті ретінде балалардың туған әкесі танылған.
Бұған дейін де егіздердің анасы сұхбат беріп, балалардың экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) арқылы дүниеге келгенін және олардың әкесі бір жыл бойы зорлық көрсетіп келгенін айтқан.
Анасының айтуынша, тергеу 2023 жылғы 20 қарашада оның арызы негізінде басталған. Алайда содан бері екі жылдан астам уақыт өтсе де, қылмыстық іс бірнеше рет тоқтатылып, қайта жалғасқан. Оның сөзінше, жалпы алғанда іс алты рет тоқтатылған.
«Күдіктінің әкесінің туған қарындасы Атырау қаласындағы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың судьясы болып жұмыс істейді. Сондықтан істің созылып, сотқа жетпей жатқанын әдейі жасалып отыр деп ойлаймын», – дейді ол.
2025 жылғы 7 сәуірде әйел Астанаға барып, істегі барлық материалдар мен дәлелдерді Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне өзі апарып тапсырған. Оның айтуынша, сол күні кешке WhatsApp арқылы Бас прокуратурадан күдіктіні ресми түрде тану туралы қаулы келген. Бұған дейін ол адам іс бойынша тек куә ретінде қарастырылып келген.
Әйелдің айтуынша, қылмыстық іс алғашында 2023 жылғы 21 қарашада Қылмыстық кодекстің 124-бабы 2-бөлігі бойынша тіркелген. Кейін 2024 жылғы 24 сәуірде жиналған дәлелдерді бағалау нәтижесінде іс ҚР ҚК-нің 121-бабы 4-бөлігі бойынша қайта сараланған. Оның сөзінше, істегі дәлелдер жеткілікті болғанымен, тергеу органдары бір сараптаманы бірнеше рет қайта тағайындап, процесті ұзартқан.
2025 жылғы 28 қарашада іс тағы да тоқтатылған. Ал 17–18 желтоқсанда жәбірленуші тарап облыстық прокуратураға істі тоқтату туралы қаулыны жою жөнінде шағым түсірген. Анасының айтуынша, күдікті деп танылғанына 11 ай өтсе де, оған қатысты ешқандай бұлтартпау шарасы қолданылмаған және ол әлі күнге дейін бостандықта жүр. Осыған байланысты ол істі Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментіне беруді талап етіп отыр.
Сонымен қатар әйелдің айтуынша, оны «беделді адамдарға жала жапты» деген айыппен жауапкершілікке тартамыз деп қорқытқандар да болған. Осыдан кейін ол Ұлттық қауіпсіздік комитетінің антикоррупциялық басқармасына жүгінген. Алайда оның шағымы қайтадан сол облыстық полиция департаментіне жіберілген.
«Іс бір мекемеден екіншісіне қайта-қайта жіберіліп, уақыт өтіп жатыр. Тергеу созылып барады», – дейді әділдік іздеген ана.