Атырауда жүргізуші құқық қорғаушылардың формасын киіп, көлік тізгінінде отырған жерінен ұсталды, деп хабарлайды Alash.KZ.
2 қазан күні шамамен сағат 19:15-те автобус аялдамасында рұқсат етілмеген жерде ұзақ уақыт тұрған Toyota Highlander көлігі өтіп бара жатқан адамдардың күдігін туғызған. Жергілікті тұрғындар полицияға хабар берген.
Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары рөлде 1996 жылы туған қала тұрғынын анықтады. Медициналық сараптама оның мас күйде болғанын растады. Бұған қоса, ер адам бұрын көлік жүргізу құқығынан айырылғаны белгілі болды. Осы дерекке байланысты ҚР Қылмыстық кодексінің 346-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Полицей формасы да назардан тыс қалмады. Департамент өкілдері оның құқық қорғау органдарының қызметкері еместігін ресми түрде хабарлады. Формаға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 675-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.
Барлық материалдар сотқа жіберілді. Сот жүргізушінің әрі қылмыстық, әрі әкімшілік жауапкершілігін қарамақ.
Атырау облыстық полиция департаменті “мас күйінде көлік жүргізу – қайғылы жағдайға әкелетін ең қауіпті құқық бұзушылықтардың бірі” екенін атап өтті. Сондай-ақ “әскери формасын заңсыз пайдалану халықты жаңылыстырып, құқық қорғау органдарының беделіне нұқсан келтіреді” деп ескертті.