Ішкі істер министрлігі Шерзат Болат ісі бойынша күдіктілерге қатысты видеодан кейін кінәлілер жұмыстан шығарылғанын мәлімдеді, - деп хабарлайды Alash.kz Massaget.kz сайтына сілтеп.
ІІМ Еңбекшіқазақ ауданының уақытша ұстау изоляторында болған жағдайға пікір білдірді. Ведомство мәліметінше, кінәлілер жұмыстан қуылып, бақылау күшейген.
"Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданынағы уақытша ұстау изоляторындағы жағдай бойынша тексеріс жүргізілді. Видеоны УҰИ-дің бұрынғы қызметкері қызмет мүдделеріне қайшы әрекет жасап, жүргізгені анықталды. Ол бұл үшін жеке ұялы телефонын пайдаланған. Қызметтік тәртіпті өрескел бұзғаны үшін ол арнайы шенінен айырылып, теріс себептермен жұмыстан қуылды. Сонымен қатар, бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды", - деп жазылған хабарламада.
"ІІМ мұндай заңбұзушылықтарға қатаң тосқауыл қояды. Олар бүкіл құқық қорғау жүйесінің беделіне нұқсан келтіріп, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, күнделікті өз міндеттерін адал орындайтын қызметкерлердің атына дақ түсіреді. Болған жағдайға байланысты УҰИ-де режимді бақылау күшейтілді: қосымша бейнемониторинг шаралары енгізіліп, ұқсас мекемелерде жоспардан тыс тексерістер басталды", - деп жазылған хабарламада.