Ақын Ринат Зайыт сахнада тұрып марқұм сазгер Арман Дүйсеновті еске алып, арнау өлеңін оқыды, деп хабарлайды Alash.kz.
Студиясы Шаляпин мен Сәтпаев көшесінің түйісіп кететін жерінде болатын. Бұрын ол бар кезде кілең әншілердің көлігі тұратын. Білесің, қай әнші оның студиясында тұрғанын. "111" деген болса, ол МузАРТ-тікі. 3-4 күн бұрын Алматыға барғанда сол жерден өтіп бара жатсам, ана жерде бірде-бір көлік жоқ екен. Сол кезде ол жерде Арманның да жоқ екені, біздің ортамызда Арекеңнің кеткені сондай сәттерде сезіледі. Жаңа ұшақта келе жатқанда, осы кешке келе жатқан кезде тағы да сездім Арекеңнің жоқ екенін.
Ақынның сазгердің жарқын бейнесіне арнаған әсерлі жыр жолдары:
Жарты сағат бөгелмей жан таласын,
Жау көрмей күліп жүрер жан баласын.
Әттең, Арман келмейді енді ортаға,
Құшақтап күйсандық пен контрабасын.
Жарысса, қиялынан озып терлеп,
Іштегі бар сырыңды қазып, тергеп.
Телефон да соқпайды енді ол түн ішінде
"Мынау әннің сөзін қазір жазып бер" деп.
Үлгерді ғой десек те бір талайды,
Жүрегімді бір жұмбақ мұң талайды,
Арман мәңгі өлмейді деп айтқанмен,
Ол енді "Фотографты" шырқамайды.
Бірін-бірі жоқтауға тиісті ерлер,
Сондықтан, мен күрсінем, тиіспеңдер!
Ел көшкен ен жайлаудай құлазып тұр,
Сәтпаев пен Шаляпин түйіскен жер!
Көңіл де баяғыдай шаттанбайды,
Жасады демессіңдер жоқтан қайғы.
Амал не, енді Арман ешқашан да,
"Риконти, мен хит жаздым" деп мақтанбайды.
Сазынан тани білген назын ғалам,
Қайран, ғұмыр ұзаққа созылмаған!
Құдайға немді айтайын досымды алған,
Тек әндерді қимаймын жазылмаған!
Әлеуметтік желі қолданушылары ақынның бұл әрекеті мен жыр жолдарына тәнті болып, сазгерге деген сағынышын білдіріп жатыр.