Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Атырауда апат: Шәпкенов қалай ат шаптырады?

16:26, 19 сәуір 2024 637
 

Қазір жұрт тасқын судың екінші толқынына дайындық үстінде, Ресейден келетін топанға дайындалып, әбігер. Осындай қиын-қыстау шақта Атырау облысының әкімдігі «Ұлы дала тұлпары» атты аламан бәйге өткізуді жоспарлапты. Тіпті байқау жариялаған. Жас Алаш газеті жазғандай, бәйге үшін дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы 54,5 млн теңге бөлген. Желіде аталған лот жариялана салысымен, хабарландыру көптің наразылығын тудырып үлгерді. Лот төмендегі суреттегідей:

тендер
Фото: мемлекеттік сатып алу сайтынан скриншот

 

 

Мемлекеттік сатып алулар сайтында біз атаған ат жарысы туралы хабарландыру берілген. Тапсырыс беруші – мемлекеттік сатып алуларға жауапты маман Тілекқабыл Есдәулетов деп көрсетілген. Бәйгеге қабылданатын өтініштер 9-30 сәуір аралығында деп көрсетілген. Байқау шарттары бойынша тапсырысты орындаушы жарыстарды жыл соңына дейін өткізуі керек. 7 сәуірде Атырау облысында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Ал лот мемлекеттік сатып алу сайтына 9 сәуірде шыққан.

Сайтқа жарияланған лоттың техникалық сипаттамасымен танысып шықтық. Ат жарысы өтетін жерге ұзындығы 10 метр, биіктігі 3 метр, қазақи нақыштармен, декорлармен безендірілген, екі жағынан кіріп-шығуға арналған баспалдағы бар сахна және турникет қойылады делінген, сонымен бірге, 8 төреші тағайындалатыны да жазылған. Одан бөлек, шабандоздарға 140 дана киім сатып алынуы керек. Киімнің ақ, көк, қызыл және сары түсті, әрқайсысы 35 данадан болатыны құжатта көрсетілген.

Техникалық сипаттамада:

«Мал дәрігері. Келеңсіз жағдайлардың алдын алу үшін жергілікті полиция және жедел жәрдем қызметкерлері, видео оператор, фото оператор тартылып, 15 дана сертификат, 15 дана кубок, 15 медаль алынуы керек. Сатып алу жеңімпазы әуеден түсіретін бір дрон оператормен қамтамасыз етуі керек» делінген.

Лотта бәйгеден қала мен қаланың шыға беріс жақтарына 3х6 метрлік 6 дана баннер орнату да қарастырылған.

Шарттардың тағы бірі – бәйге Атырау облысында төрт кезеңге бөлініп өткізілуі тиіс. Бірақ нақты уақыты жазылмаған. Аламан бәйге, топ бәйге, құнан жарыс, тай жарыс деп көрсетіліпті. Төртінші, шешуші кезең қала күніне орай ұйымдастырылуы шарт. Атырау қаласы қала күнін 7 қазанда тойлайды. Демек, байқауды жеңіп алатын ұйымдастырушылар бәйгені жыл соңына дейін өткізуі қажет.

Атырау облысы әкімдігі Жас алашқа берген жауабында:

«Сатып алу нәтижесін жариялау 30.04.2024 жылға жоспарланған болатын. 7 сәуірде Атырау облысы аумағында табиғи сипаттағы төтенше жағдай режимі жариялануына байланысты дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы «Ұлы дала тұлпары» бәйгесіне арналған конкурсты өткізуді тоқтату туралы шешім қабылдады. Мемлекеттік сатып алу сайтында 9 сәуірде жарияланған конкурс жарамсыз деп танылды. Әкімдіктің барлық құрылымдық органы төтенше жағдай кезінде мұндай бастамаларға жол берілмейтіндігі туралы хабардар етілді. Қазіргі уақытта ешқандай жарыс өткізу жоспарда жоқ», – деген.

Мұндай бәйге Атыраудағы ат спортын дамыту мақсатында былтыр да өткізілген. Ол кезде байқау 40 млн 500 мың теңгеге жарияланған еді. Конкурсты Атырау облысының бәйге федерациясы қоғамдық бірлестігі жеңіп алған.

Төтенше жағдайға қарамастан конкурс жариялап, бәйге өткіземіз деп алашапқын болған облыс әкімдігі осындай қарбалас шақты пайдаланғысы келгенге ұқсайды. Халықтың реакциясы тасқын судың тасасында қалып қояды деп ойласа керек. Әлде журналистердің назарынан тыс қалады деп ойлады ма екен? 

Тасқынның беті қайтар. Шәпкеновтың аттары шаппай қалса, ойларындағы біраз жоспар аяқсыз қалатын болды ау!

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар