Астанада қазақ халқының ғасырлар бойғы асыл қазынасы – 1500-нан астам ұлттық ән-күйі мен фольклорлық мұрасын қамтыған алты бөлімнен тұратын «АСЫЛ МҰРА» аудиожинағының тұсаукесері өтті, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы.
Қазақтың дәстүрлі өнері енді әлемдік деңгейде жаңғырып, «Қазақстан» телерадиокешенінің «Алтын қорында» сақталған ұлттық музыка мұрасы Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music сияқты сияқты көпке танымал 100-ден астам музыкалық платформаға жүктеліп, altynqor.com сайтына енгізіліп, тыңдарманға жол тартты.
Ұлт мерейін көтерген жобаның идея авторы – Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин. «Қазақстан» телерадиокешені әзірлеген жинаққа 400 күй, 300 жыр-терме, 400 халық әні және халық композиторларының әндері, 100 ертегі, 50 бесік жыры мен 250 ретро хит ән енгізілді. Бұл аудиожинақтың басты ерекшелігі – 1500 шығарманың басым бөлігі түпнұсқа күйінде, яғни, алғашқы орындаушыларының аутентикалық орындауында ұсынылып отыр.
Ерлан ҚАРИН, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі:
- Өткен аптада Бурабайда Ұлттық құрылтайдың IV отырысы өтті. Бұл отырыста Мемлекет басшысы көлемді сөз сөйлеп, әдеттегідей руханият, өнер мен мәдениет мәселелеріне арнайы тоқталды. Президент өз сөзінде келесі ойды айтты. Біз қазір жаңа дәуірге аяқ басып келе жатырмыз. Бұл – цифрландыру мен жасанды интеллект дәуірі. Ендігі кезекте әрбір мемлекеттің, елдің даму деңгейі осы жасанды интеллект, IT, цифрландыру технологияларының қаншалықты енгізіліп, қаншалықты қолданыста екендігімен өлшенетін болады. Яғни, ұлттық бірегейлігіміз, тәуелсіздігіміз, төл құндылықтарымыз үшін күрес цифрлық кеңістікте жүреді. Кім осы кеңістікке өз өнерін, мәдениетін, тарихын жүйелі түрде енгізе алса, сол халықтың мәдениеті мен өнері тағы бір дәуірге ұласады деген сөз. Сондықтан алдағы маңызды міндет – ұлттық мұрамызды, соның ішінде тарихымызды, өнерімізді, музыкамызды және басқа да құндылықтарымызды цифрландырып, әлемдік деректер базасына енгізу. Бұл – үлкен еңбекті қажет ететін ауқымды жұмыс. Дегенмен, еліміздің, ұлтымыздың болашағын ойласақ, бұл істі қолға алуымыз қажет.
Қазақ дәстүрлі музыка өнерінің 1500 туындысы бүгіннен бастап Apple Music, Spotify, Yandex Music, YouTube Music және басқа да әлемдік онлайн платформаларда қолжетімді болады. «Ozen» командасы бұл жұмысты ары қарай да жалғастырады. Біраз уақыттан кейін қазақтың дәстүрлі музыка өнерінің туындылары Қытайда, Еуропада, АҚШ-та және әлемнің әрбір өңірінде қолданылатын басқа да 50-ден астам танымал онлайн платформаларға жүктелмек. Бұл – қазақ музыкасының, қазақ дәстүрлі өнерінің ғұмыры тағы да жаңа кезеңге, жаңа дәуірге бірге аяқ басады деген сөз. 1500 туындының ішінде 400 күй, 400 дәстүрлі халық әндері бар. Сонымен қатар, ертегілер мен бесік жыры қамтылған. Ертегілер екі альбомнан тұрады: бір альбомның ұзақтығы – 7 сағат, екіншісінікі – 9 сағат. Жалпы алғанда, 150 сағаттық хроноаудио материал тыңдарманға жол тартты. Енді балаларымыз, жастарымыз, аға буын бұл туындыларды кез келген жерде, кез келген уақытта тыңдай алады. Бұл жоба – қазақ дәстүрлі өнерін ары қарай да болашақ игілігіне жаратуға, соған жағдай жасауға арналған. Осы жобаға атсалысқан барша ұжымға, әріптестеріме алғыс айтамын!
Айта кетейік, ұлттық өнерді әлемге танытуға бағытталған игі бастама «Ozen» музыкалық лейблімен бірлесе іске асырылды. Жинақтағы ең көне туынды – Әміре Қашаубаевтың орындауында осыдан бір ғасыр бұрын жазылған «Балқадиша» әні. Ұлт мұрасы ұрпақтан-ұрпаққа жетіп, ұлықтала берсін!