Белгілі әнші Сәкен Қалымов Bugin.live бағдарламасына берген сұхбатында өміріндегі өткен кезеңдерді еске алып, жасаған қателіктері үшін өкінетінін, оны түзетуге тырысқанын ашық жеткізді, деп жазады Alash.kz.
Әнші өзінің әрекеттеріне объективті түрде қарап, отбасымен қарым-қатынасты түзетуге тырысқанын айтты. Сұхбатта әнші өз қателіктерін мойындап қана қоймай, өткен өміріне жеңіл қарағанының салдарын да түсінетінін жеткізді.Қалымов бұрынғы жұбайы мен баласына өкінішін білдіру мақсатында арнайы Астанаға барған. Алайда бұл сапар күткендей нәтиже бермеген. Ол отбасымен қайта байланыс орнатуға тырысқанымен, өзара келісімге келе алмағанын жасырмады.
«Алдарынан өтейін деп Астанаға іздеп бардым. Жарымды да, баламды да кінәлай алмаймын. Қателік – менен. Ол кезде жеңілтек өмір сүрдік, басқаша орта болды. Серілік құрып жүрген кезең еді, көп дүниеге атүсті қарадық. Әрине, мені құшақ жая қарсы алады деп барған жоқпын. Бірақ тіл табыса алмадым. Мені қабылдамады. Бұйырған күні бәрі реттеледі деп үміттенемін», – деді ол.