13 наурызда Астананың қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында блогерлер Ерболат Жанәбілов пен Эльмира Төлегеноваға қатысты іс бойынша сот процесі басталады. Бұл ақпаратты соттың баспасөз қызметі растады, - деп жазады Alash.KZ.
Сот мәліметінше, қылмыстық іс бойынша алдын ала тыңдау сағат 15:00-ге тағайындалған.
Айта кетейік, 2025 жылы 9 қазанда апелляция алқасы блогерлер Ерболат Жанәбілов пен оның жұбайы Эльмира Төлегенованың шағымын қанағаттандырмады.
Кейін Қаржылық мониторинг агенттігі блогерлерге қатысты қылмыстық іс қозғалғанын растады. Жанәбіловтерге екі жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы төніп тұр.
Бұған дейін блогерлер Instagram-да 11 көлік ойнатылатынын жариялаған болатын. Шарты қарапайым көрінген, репост жасау ғана. Алайда 21 тамызда оқырмандар тікелей эфирдің орнына құны 30 мың теңге тұратын Zhana Business ақылы курсының сілтемесін көрген. Конкурсқа тек курсты сатып алғаннан кейін қатысуға мүмкіндік берілетіні белгілі болды. Бұл жұрт арасында наразылық тудырды.
Кейінірек Жанәбіловтер ұйымдастырған даулы конкурс сотқа жетті.