Астанада 5-7 қараша күндері халықаралық деңгейдегі бірқатар іс-шараға байланысты қала көшелерінің кей бөлігінде көлік қозғалысы уақытша шектеледі. Сондай-ақ 1 қарашадан бастап қаланың әуе кеңістігінде әскери авиация ұшады, деп хабарлайды Alash.kz.
Бұл туралы ҚР Мемлекеттік күзет қызметі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Құрметті астаналықтар және қала қонақтары!
Астана қаласында бірқатар ауқымды халықаралық саяси іс-шаралар өткізілуіне байланысты 2026 ж. 5-7 қарашада қала көшелерінің жекелеген бөлігінде көлік құралдарының жүруіне уақытша шектеу қойылады.
Іс-шараларда Қазақстан Республикасының арнайы мемлекеттік, құқық қорғау органдары мен Қарулы Күштерінің күштері мен құралдарын пайдалану көзделген.
Оған қоса, 1 қарашадан бастап қаланың әуе кеңістігінде әскери авиацияның ұшу жаттығулары жоспарланған.
Елорда тұрғындары мен қонақтарынан халықаралық деңгейдегі маңызды оқиға уақытында өткізілетін қауіпсіздікті қорғау шараларына түсіністікпен қарауды сұраймыз», – делінген хабарламада.