Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әскерге шабытпен кеткен сарбаздар табытпен оралмауы керек

12:09, 03 қыркүйек 2024 1855

Мәжіліс депутаты Нартай Сәрсенғалиев әскердегі әлімжеттік әлі де өршіп тұр деген пікірде, деп хабарлайды Alash.kz ұлттық порталы inbusiness .kz сайтына сілтеме жасап.

"Елін, мемлекетін, Отанын қорғаймын деп әскерге шабытпен аттанған балалар табытпен оралмауы керек. Өзіміз көріп жатырмыз, сап-сау кеткен балалар әскерге барады, 5-10 мың теңгеден әркімнен ақша сұрайды, ең соңында мүгедек болып төсекке танылып келіп жатыр. Осыдан кейін "әскерге балаңды жібер, Отан қорғауы керек" деп біз қай ата-анаға айтамыз,  кімді міндеттейміз, кімді үгіттейміз – сұрақ осында. Сондықтан да мен әскердегі әлімжеттік әлі де өршіп тұр деген пікірдемін. Мұны жоққа шығара алмаймыз",- деді халық қалаулысы Үкімет үйінің кулуарында.

Сөзінше, әскердегі әлімжеттіктен зардап шеккен балаларға қатысты тергеуді де мұқият қарау керек.

"Жуырда біздің бауырымыз (ред. – сарбаз Ербаян Мұхтар) зардап шекті. Алматыда қаралды,  қазір үйіне оралды. Халқымыз 200 млн теңгеден астам қаржы жинап берді. Бірақ дардай баланың әскердегі әжетхананың ішінде құлап, басын жарып алды дегені ақылға қона ма, жоқ па? Мен бұл нұсқаға мүлдем сенбеймін. Сондықтан да әскердегі әлімжеттікті тоқтату керек, реформа қажет. Журналистік мансабымда тиісті министрлікпен сұхбаттасқан кезде олар барлық жерге бейнебақылау камераларын қоямыз деді, барлық жерге қойылса, ол бейнекамера мен нәтижесі қайда? (...) Әскерден бөлек, сол болған жағдайды тексеретін, тергейтін органдардың арасында қандай да бір сыбайластық бар ма деген менде күмән туады. Мұны жоққа шығара алмаймын. Бұл мәселемен жіті айналысуымыз керек", - деді Сәрсенғалиев. 

Ол әскерге толыққанды реформа жасау қажет деген пікірде. 

Өз кезегінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова әскерден мүгедек боп оралған Ербаян Мұхтарға қатысты пікір білдірді.

"Медициналық көмектің әскери ведомстволық қызметтің мамандарымен көрсетілетінін айта кету керек. Бірақ біз Денсаулық сақтау министрлігі өз тарапынан бұл мәселені ұстап отыр. Тиісті консилиум жүргізуге, басқа да көмек көрсетуге толығыменен дайынбыз. Біз бұл жұмысты атқарып жатырмыз. Негізі ДСМ тарапынан бұл мәселе бақылауда",  - деді ол.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар