Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Әскерге сап-сау кеткен сарбаз 6 айдан кейін табытпен оралды: Лейтенант аяусыз ұрған (ФОТО-ВИДЕО)

23:55, 16 мамыр 2024 1366

Құлсары қаласының тұрғыны Иманғалиева Ардақ есімді келіншек әскерге сап-сау кеткен баласының үйге табытының оралғанын айтып, Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жолдады, деп хабарлайды Alash.kz тілшісі.

2023 жылдың қаңтар айында Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылына Отан алдындағы борышын өтеуге кеткен Досымжан Сәлімжан Беркінұлы аяқ астынан ауырып, госпитальға кеткен.

«Ұлымның сержанттары «асқазаны ауырып тұрған сияқты, асқазанында жара бар, беті ашылып кеткен, қанаған, соны тазалау керек, әуелден ауырады екен, инфекция жұқтырған» дегені секілді әскерге жарамды кеткен ұлыма жала жаба бастады», - деп бастады анасы өз әңгімесін.

Денсаулығынан кінәрат табылды деген күннен бастап анасы Ардақ барлық әлеуметтік желілерге дабыл қағып, үндеу жариялай бастады. Досымжан Беркінұлы сарбаз қайтыс болмастан бұрынғы анасының жағдайдың қалай өрбігені туралы жазбасы «Киелі Атамекен» фейсбук парақшасында жарияланды.

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарына!

Тағы да әскердегі шатақ

Мен Иманғалиева Ардақ Жылыой ауданы Құлсары қаласының тұрғынымын. (1-13-6). Жұмысым мектепте (6-мектеп, бұрынғы Пушкин), бірақ мұғалім емеспін, әрі қарай өздерің түсінерсіңдер. Менің ұлым Досымжан Сәлімжан Беркінұлы (1.10.2005 ж.т) 2023 жылдың қазан айының 11 жұлдызында осы Құлсарыдан әскерге аттанған болатын. Барған жерінің мекен-жайы: Жетісу облысы, Кербұлақ ауданы, Сарыөзек ауылы, Сарыөзек үй № 1-22, әскери бөлімше 29108.  (Басшысы Абеков Жасұлан Саду ұлы). Әскердегі ұлыммен көптен хабарласа алмағасын бірнәрсені сезгендей дегбірім қашып мазасыздандым. Аналық сезімім алдамапты. Содан ұлым Досымжан 2024 жылдың 3-мамырында таңертеңгі сағат 8:15 те маған қоңырау шалып, ауыртпашылықтан қатты мазасызданып тұрғанын айтты. (Шамасы ішкі-құрылыстары). Ұлым Досымжан бірнәрсені айтпай жасырғандай көрінді маған. «Қызуым көтеріліп тұр» дегендей келтірді. Менің ұлым жәй қызуға былай қиналатын адамдардан емес еді. Әкесі Беркін де бірнәрсе сезгендей әбіржи бастады. Кейін ұлым Досымжанның сағат 10:00 де іштегі әскери санчастьқа түскенін, араға 3 сағат салып оны әскери жедел жәрдем автокөлігімен 170 шақырымдай жердегі Алматы қаласындағы ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ ҚОРҒАНЫС МИНИСТРЛІГІНІҢ ӘСКЕРИ КЛИНИКАЛЫҚ  ГОСПИТАЛІНЕ алып кетіп, жан сақтау бөліміне орналастырғанын естідім.

Сол күнгі сағат 4:00 де ұлым Досымжанды Иван Викторович деген орыс дәрігері қарайды. Қорытындысы: екі бөтеке істен шыққан, ДИАЛИЗ, уақытша жасанды бүйрекпен емделуде. Өкпеге, жүрекке, бауырға, асқазанға су толып кеткен. Әскерге сап-сау кеткен сарбаз кенет қалайша мұндай күйге тап болады?

Соңғы кезде әскерге кеткен сарбаздардың дарға асылып суицид жасағандарын, әскерден сарбаздардың еңіреп қашқандарын, әскердегі сарбаздардың естерінен айрылып жынды болып кеткендерін, таяқ жеп ұрылатындарын, зорланатындарын, қысқасы ауылға сау қайтпайтындарын әлеуметтік желіден көп еститін едім. Міне, енді кезек менің ұлыма келгендей. Бұған тосқауыл қойылмаса кезек енді кімнің ұлын күтіп тұрғаны белгісіз. Мен іштегі тәртіпсіздіктен орын алған жағдаят екенін бірден сездім.

Суреттегі күдікті лейтенант. 

Тіпті 11.05.2024 үй-ішіне шындық айтып қояды деген қорқыныштан әскери басшылары ұлымның телефонын алып қойып хабар-ошарсыз қалдырды. Мен бүгінде Алматы қаласындамын. Ұлымды өз әскери бөлімшесінде Ш.Жанбота есімді лейтенант 1-мамыр күні сабаған. Лейтенант Жанбота ұлым Досымжанға әлімжетік жасап компьютерге отырғызып, өзіне тиесілі жұмыстарды еріксіз күш қолдану арқылы зорлықпен жасатқан. Журнал тіктірген, бояуларына, ине-жіптеріне үйден ақша алдыртқан. Ұлым Досымжан 1-2 адамның аты-жөнінен қате кеткен екен, соған бола өлімші етіп ұрып-соққан. «Қағазды неге бүлдіресің, неге үнемдемедің» деп қосымша және сабаған. Ұлым «тамаққа» деп үйден ақша сұрай беретін еді, сөйтсек, біз сеніп ұлымызды тапсырған осындай қатыгез лейтенанттар қорлайды екен ғой ұлдарымызды. Сыбайластық пен жемқорлық әскери бөлімшеде тұнып тұр екен ғой. Мынаумен біз қалай ел боламыз, Жаңа Қазақстан қайда?»,- деп жазды жазбасында марқұм сарбаздың анасы.

Өкінішке қарай, бұл жазба баласынан әлі үміті бар кезі еді. Жансақтау бөлімінде жатқан кезінде анасының баласының жазылып кетуіне сенімі мол болатын. Оның мақсаты Тоқаевтан әскердегі тәртіпсіздікті түзету болатын. Амал нешік, жансақтау бөліміндегі баласы үш күннен кейін тіл тартпай кетті. Оған кім кінәлі? Қан-жоса қып сабаған лейтенант па, әлде бүкіл Қазақстанның ескі жүйесі ме?

Анасы Ардақ баласының марқұм болғанын естігеннен кейін, әділдікке қол жеткізу үшін қоғамға өз мұңын айтудан бас тартпады.

Иә, жас сарбаз қатыгез лейтенантының айуандығынан қыршын кетті. Ата-ана, туыс-бауырларына мықты сабыр тілейміз.

Досымжан сарбаздың өлімінің себебі туралы туыстары желіде жазба арқылы жеткізді.

«Алла-тағала бұл баламызды өз мейір-шапағатына бөлесін. Өз рахымына алсын. Өз қорғанына алып, өзі қамқор болсын. Бізде ұлымызды қара жер қойнауына тапсырудан басқа еш лаж қалмады. Досымжан баламызды судмедэксперт экспертиза жасауда. Ертең ұшақпен, әскери темір табытпен елге оралмақ. «Кімге не қылсаң алдыңа сол келеді» деген, біреудің аяулы, алпамсадай ұлын ұрып өлтірген лейтенанттың алдына тап осы қайғылы тағдыр аумай-төкпей келсін! Бүгінде Жылыой халқы, 1-ықшамаудан тұрғындары көздеріне ыстық жас алып қара жамылуда. Қанша жас іштей өксіп, кішкентай кезінен тай-құлындай тебісіп бірге өскен Досигін күтіп іштей қан жылауда. Бұл қайғы кеше ғана елі суға кетіп, бүгінде әлі есін жия алмай есеңгіреп жүрген Жылыой халқына, тіпті осы жайсыз оқиғаны естіген барлық Қазақстан халқына ауыр соққы болып тиді. Қабірі ертең Күмбезді қауымынан қазылмақ.

Осы бала әскерге кетерде алты айға жетпей соққыдан көз жұмып, Күмбезді қауымына келіп жайғасам деп ойлап кетіп пе еді? Жас қыршынның арман-қиялдары көп еді. Ешкімнен тайсалмайтын, қиындыққа шыдас беретін, намысты ұлдың бірі еді. Жарқырап күліп, «Отан алдындағы борышымды өтеп келемін, анашым» деп, өз еркімен, өз аяғымен әскерге көңілді күйде аттанып еді. Қайдан білсін бала көңіл, ажалы оның өз лейтенантынан болатынын. Сарбаздар өз басшыларын әкесіндей көріп, оларды «ӘКЕ, БАТЯ» деп атайды екен. Өзіне риясыз сенген ұлын әскери әкесі өлімге қиды. Аманатқа қиянат жасалды. Озбырлық өз мақсатына жетті. Артта ботадай боздап әке-шеше қалды. Ұлдың орнын енді кім толтырады? Досымжанның өліміне түгел Жылыой халқы қайғырып көңіл айтады. «Тас түскен жеріне ауыр» деген, «қуанышты бөліссе көбейеді, қайғыны бөліссе азаяды» дегендей, көп болып қол ұшын берейік, ағайын!»,-деді туысы.

Сарбаздың нақты неден қайтыс болғанын лейтенанттар жасырып, жанында жүрген сарбаздарға «былай айтыңдар» деп дайындап қойған. Ата-анасы әділдік іздеп, баласын өлтірген лейтенантқа өмір бойғы бас бостандығынан айыруды сұрап отыр.

Госпиталдың дәрігері Досымжанның ауруын басқаша айтса, ал әскери бөлімнің командирінің орынбасары подполковник Жылқыбай Руслан Сырлыбайұлы Досымжанның анасына: «Сіздің балаңыздың қасында менің балам жүр, ол айтты сіздің балаңыздың асқазанында бұрыннан ауру бар, гастрит, асқазанды тазалап жатыр» дейді. Оны қалай түсінуге болады? Оның баласы Досымжанның қасында неғып жатыр? Және дәрігер емес оның баласының айтқаны заң ба, шешім бе? Бұл жерде Руслан Сырлыбайұлы өз баласын Досымжанның қасына хабаршы, құлақ ретінде байлап қойған.

Егерде, Досымжанның асқазанында әуелден ауру болса, онда ондай ауру баланы «жарамды» деп, о баста әскерге неге алып кетті? Мыналардың өтірігінен кейін енді біз экспертизаның қорытындысына да сенбей күмән келтіреміз. 1 мамыр күні Досымжан лейтенант Жанботадан өліп таяқ жеген. Сол күні Жанбота ашулы келіп, Досымжанды сондай жылдамдықпен сабаған. Бұған дейін де Досымжан қатты таяқ жеп келген, бірақ бәріне шыдап сабыр еткен. Және лейтенант Жанбота 3 мамырға дейін соққыдан ауырып құлаған Досымжанға медкөмек көрсетпеген, ауруханаға апармаған, ешкімге хабарламаған, керісінше жасырып Досымжанның ауруын асқындырған. Міне, нағыз қылмыстық іс.

Бұлар Досымжан шындық айтып қояды деп, өз қылмыстарын жасыру үшін Досымжанның қасына әдейі тыңшы қойған. Әрі қасындағы жүрген тыңшы оны, яғни өзі тұра алмай жатқан сарбазды қосымша сабаған деген күдік бар. Себебі, Досымжанның ұялы телефоны 1-2 күн бойына келген қоңырауларға жауап бермеген. Досымжан өзін кім ұрғанын өлер алдында ағасына жәймен айтып кеткен. Видеосына дұрыс назар салып қарасаңыз, Досымжанның қасында біреудің тұрғаны байқалады, және соған алаңдап Досымжан толық жауап бермей рет бойынша сөйлеп тұрғаны білінеді. Енді Досымжанның қасында куә болатын және 3 сарбаз бар. Олар ертең бар шындықты жайып салады», - деді туысы.

«Тас түскен жеріне ауыр» дегендей, қан жұтып отырған бұл отбасыға біздің редакция алқабы да қайғыра көңіл айтады.

Құлсары қаласы 1 ықшам ауданында Досымжан сарбаздың жаназа шығару садақасы болды. Құлсары халқының барлығы дерлік жаназаға қатысып, отбасына көңіл айтты. Марқұмның денесіне жасалған мед-экспертиза қорытындысы бір айдан кейін шығатыны белгілі болды.

«Экспертиза жасалған, алайда қорытындысы 1 айдан кейін шығатыны бізді қатты алаңдатады. Сенімсіздік басым. Егерде, қорытындыға келіспей дауласқан жағдайда, эксгумация жасату үшін қайта қабір ашу керек пе? Осы мәселені білгіш мамандар мәйіт жерге түспей тұрып неге реттемейді?

Үкімет тарапынан ұлынан қапияда қаскөйліктен айрылған ата-анаға ердің құны төленуі тиіс. ҚМДБ-мен ақылдасса, пәтуә бөлімі шариғат бойынша ердің құны 100 жылқы екенін дәлелдеп шығарып береді. Ақша анаға ұл болмас, жақсысын Алла берер. Дегенменде, салт-жоралғы қаза болмау керек. Ұлдан айрылу ата-анаға ойыншық емес, қазақ халқы үкіметке мазақ емес!»,- деп жазды «Киелі Атамекен» фейсбук парақшасында.

 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар