Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы жұбайы Назым Қаһарман отбасылық өміріндегі келеңсіздіктерді баяндай отырып, Бишімбаевтың нағашы жұрты Нұрлыбековтер әулетінің тәрбиесіне қатысты күмәнді жайттарды жария етті, деп хабарлайды Alash.kz.
Ол бала тәрбиесіндегі ананың рөлі шешуші екенін айтып, бұрынғы күйеуінің туыстары арасындағы құқық бұзушылықтарға көз жұма қарау үрдісін сынға алған. Назым Қаһарманның пайымдауынша, қоғамда қалыптасқан теріс имидж тек бір адамға емес, бүкіл ортаға тән болуы мүмкін.
Бұл туралы ол: «Бишімбаев деген фамилия бүгінде бәріне ортақ атауға айналып кеткендей. Ал баланың тәрбиесінде басты рөлді ана атқарады. Мұны бұрын да айтқанмын. Сондықтан Қуандықтың анасы жағынан туыстары Нұрлыбековтер әулетіне де назар аудару керек деп ойлаймын», – деп мәлімдеді.
Назым Бишімбаевтың анасының жиеніне қатысты ұрлық оқиғасын еске алды. Бірде үйден Қуандықтың қолсағаты жоғалып, кейін ол мүлік жиеннің қолынан табылған.
«Біз күмәндандық, бірақ Қуандықтың анасы «мүмкін емес» деп кесіп айтты. Алайда бір жылдан кейін Қуандық Алматыда сол жиенімен кездескенде, өз сағатын оның қолынан көрді».
Назымның айтуынша, Бишімбаевтың анасы мен нағашы апасы бұл мәселенің ашық айтылуына қарсылық танытып, жағдайды жасыруға тырысқан.
Бишімбаевтың экс-жары тұрмыста болған кезеңінде Шымкенттегі сапарлары кезінде әшекей бұйымдары мен ақшасының жиі жоғалатынын байқап, бұған туыстардың қатысы барын білген.
Бұл жөнінде Назым: «Келінге айттым, ол «мән берме, мұны жиендердің бірі істеп жүр» деді. Бұл жолы да басқа жиен болып шықты», – деп нақтылады.
Назым Қаһарман бұрынғы күйеуімен жақында ғана сөйлескенін және Қуандықтың өзін де нағашы жұртынан тағы бір жиені алдап кеткенін жеткізді. Ол мұндай келеңсіздіктерді жасырудың зардаптарына назар аудартып, отбасы ішіндегі жауапкершілік мәселесін көтерді.