Бұл туралы Alash.KZ сайты Қорғаныс министрлігіне сүйеніп хабарлайды.
«Ақтөбе облысындағы оқу-жаттығу ұшуы кезінде болған авиациялық апат салдарынан 1988 жылы туған Әуе қорғанысы күштері әскери институты авиациялық эскадрильясының офицер-нұсқаушысы майор Батыр Қайратұлы Оразымбетов қайғылы жағдайда қаза тапты», – делінген хабарламада.
Батыр Оразымбетов Әуе қорғанысы күштері әскери институтын 2009 жылы «ұшақтар, тікұшақтар және авиациялық қозғалтқыштар» мамандығы бойынша бітірген.
Қызмет барысында Әуе қорғанысы күштерінде түрлі лауазымдардан өткен. Ми-8 тікұшағын пайдалануда үлкен тәжірибесі бар, жалпы ұшу уақыты 500 сағаттан асады.
Жоғары кәсібилік пен адалдық танытқан. Биылғы жылдың көктемінде болған су тасқынына қарсы іс-шараларға қатысқан.
Мерейтойлық және еңбек сіңірген жылдары үшін медальдарымен марапатталған. Үйленген, артында екі баласы қалды.