Ақтауда қаза тапқан жаттықтырушы қыз Алинаның құрбысы оқиғаның егжей-тегжейін баяндап берді, - деп хабарлайды Alash.kz Massaget.kz сайтына сілтеме жасап.
Адамшошырлық оқиғаны марқұмның досы Әсел бірінші болып білген. Алинаны болған жайттың бәрін ағасына айтуға көндірген де Әсел.
"2024 жылы 12 мамырда Ақтауда жүгіру бойынша Каспий марафоны өтті. Екеуміз марафонға қатыстық, сол күні мен Қостанайға ұшу керек едім, бірақ рейс уақыты өзгеріп, мен оқушыларымның артынан пойызға мініп кетемін. 14 мамырда Қостанайға жетіп, сол күні кешке қайтадан Ақтауға қарай пойызға мінемін. Біз Алинамен негізі қал-жағдай сұрасып, күнде сөйлесіп отырамыз, бірақ дәл сол күні менде байланыс болмады. Ол да маған жазбаған. Жолда байланыс пайда болған кезде оған "Не хабар?" деп жазып жібердім. Ол маған "Көңіл күйім жоқ, болады" деп жауап берді. 15 мамырда Ақтауға жетіп, оған қайтадан жаздым. Ол "Болады" деген жауаппен шектеліп, байланысқа дұрыс шықпады. Әдетте мен жарысқа барып, қайта келгенде күтіп алатын. Бұл жолы ешнәрсе жазбады. Мен "Келдім ғой, не істеп жатырсың?" деп жазып едім, "Бізге сөйлесу керек, үйге келе аласың ба?" деді. Мен ол кезде жаттығу залында едім, сөйтіп 16 мамырда кешке бардым. Үйіне барсам, маска киіп алған. "Келші, сөйлесейікші" деді де маскасын шешті, қарасам беті, ерні, басы, қолдары түгел көкпеңбек болып көгеріп кеткен. "Сен қорқып кетпе, мен саған бәрін айтып беремін, бірақ сенен маған уәде керек, уәде берсең ғана айтып беремін, сөзіңде тұра алмасаң, айтпаймын" деді. Сөйтіп болған жағдайдың бәрін айтып бастады", - деді Әсел.
Әселдің айтуынша, Алина оқиға болған күні кешке жаттығудан шығып, 10 мың қадам жасау үшін үйіне жаяу қайтқан. Марқұм Алина ешқашан темекі, қорқор шекпеген, алкогольді сусын тұрмақ, энергетикалық сусындарды аузына алмайтын нағыз спортшы болған.
"Ақтауға Алинаның үйіне апаратын жол бар, ол сол жолмен келе жатқан. Жолда төрт немесе бес еркек өтіп бара жатып, оны байқап, ұрып-соғып, көлікке отырғызады. Көлікте "Есірткі жасырушысың ба? Базаң қайда?" деп ұрып бастаған. Басын ұстасаң, түгел түйін болды. Өте қатты ұрып-соққан. Ұрып болғаннан кейін "Қазір бастығымыз келеді, сонымен сөйлесесің" деп айтқан, ал Алина кім келсе де бәрібір екенін, өзі спортшы екенін айтқан. Көліктегі Еркебұлан деген ер адам "Қойшы, сен спортшы емессің, әйтпесе мен танитын едім" деген, Еркебұлан дегеннің өзі спортшы, Ақтауда бәрі таниды, дзюдоға қатысады, оның Алинаны қалай танымай қалғанын білмеймін. Оған қоса ол Алинаның інісімен бірге дзюдоға қатысқан екен, бұл кейінірек тергеу барысында анықталды", - деді Әсел.
Күдіктілер Алинаны көлікке күштеп отырғызғаннан кейін көлікті ауыстырған, бастықтарымен байланысқа шыққан. Әсел марқұм құрбысының ол кісіні өзіне сипаттап бергенін айтады, оның сөзінше ол 30-40 жас шамасындағы ірі денелі ер адам.
"Олар Алинаны ұрып-соғып қорқытып, артқы жақтан құты тығып жатқан видео көрсеткен. Ал Еркебұлан деген кісі Алинаға жалаңаш еркектердің мүшелерін көрсетіп, "Қазір менімен болмасаң, сыртта тұрған жігіттерге зорлатамыз" деп бопсалаған. Алина болса, "Аға, мен қызбын, маған тиіспей-ақ қойшы, өмірім құртылады, ата-анам бар" деп жалынған. Ал ол "менімен қосылмасаң, бәріміз жабылып, зорлаймыз" деп қорқытқан. Сосын мен "Алина, шыныңды айтшы қан болды ма?" деп сұрадым. Ол қан болғанын айтты, мен оған қыздығынан айырылғанын айтуға қорықтым. Сөйтсек, олардың бәрінің қолында есірткі болыпты, Алинаға мефедрон иіскеткізген. "Әсел, олар нашарқорлар, тіпті бір-бірден де әлім жетпейтін еді" деді. Олар Алинаның көзін байлап, қаланы аралаған. Алина қаланы да дұрыс білмейтін, әдетте ол менімен не інісімен, көлікпен не жаяу жүретін, тек жұмысына барып келетін. Ол тіпті түнгі клубтарға бармайтын, тек спорт пен сабақпен айналысты", - деді ол.