Танымал продюсер Баян Алагүзова депутат болуға ниет білдіргеннен кейін қоғам тарапынан сынға ұшыраған жиені Аша Матайды қорғап, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.
Продюсер өзінің бейнежазбасында Аша Матайдың өнердегі мансабын ешкімнің көмегінсіз, өз бетінше құрғанын алға тартты. Сонымен қатар ол жиенінің саясатқа араласу шешіміне ешқандай қатысы жоғын, бұл жаңалықты халықпен бірге естіп, өзі де таңғалғанын жеткізді.
Үндеуі барысында Баян Алагөзова: «Осымен екі аптадан асты, менің жиенім Аша Матайға (Ақбота Асқарбекова) қарсы, тіпті арнайы жоспарланғандай көрінетін хейт жүріп жатыр. Әрине, бұл жағдай жиенім үшін жаныма өте батып отыр», – деп ағынан жарылды.
Продюсер өз саласында үлкен жетістікке жеткен азаматтың депутат болуға толық құқылы екенін айтып, өнер адамдарына қатысты қалыптасқан теріс пікірге ренішін білдірді.
«Неге? Сұрақ. Неліктен жұрт өнер адамдары мен әншілердің бәрін оныншы орынға ысырып, әртіс лайықты депутат бола алмайды дейді? Демек, заңгер, мұғалім, дәрігер депутат бола алады да, неге әртіс депутат бола алмайды? Хейтерлердің сөзінше, әр түрлі мамандық иелері депутат бола алады. Олардан заңды, бюджеттің қалай бөлінетінін сұраудың қажеті жоқ. Ал мәдениет өкілдерінен «заңды білесің бе?» деп сұрауға болады екен», – деді продюсер.
Оның сөзінше, мұның бәрі Аша Матайға психологиялық жағынан өте ауыр тиіп жатыр.
«Қазіргі кішкентай нәзік қызды бәрі жерден алып, жерге салып жатыр. Оның екі баланың анасы екенін ешкім ескермейді. Қазір Боташа жеке өміріндегі ауыр күндерді бастан өткеріп жатыр. Қазір оған өте ауыр және қиын. Ол бүкіл хейтке жалғыз өзі қарсы тұрып жатыр. Ол депутат бола ма, жоқ па – мен оны жақсы көремін. Маған оның саяси амбициясы еш қызық емес. Мен оны қалай бар – солай жақсы көремін», – деді Баян Мақсатқызы.