Әнші Индира Елемес журналист Руслан Өтепбайға берген сұхбатында күйеуі Қалелхан Иманмадимен қалай танысқанын, араларындағы жас айырмашылығы мен қарыз мәселесіне қатысты сұрақтарға жауап берді, деп хабарлайды Alash.kz.
Индира Елеместің айтуынша, олар бір мерекелік кеште танысқан. Ол кезде Қалелхан Иманмади бойдақ болған, заңды некеде ешкіммен тұрмаған. Қазір айтылып жүрген «екінші әйел» деген әңгімелермен келіспейтінін айтты. Араларындағы жас айырмашылығы шамамен 19–20 жыл болған. Бұл жайтты ата-анасы мен жақындары қалыпты қабылдаған.
Сұхбат барысында 66–67 миллион теңге қарыз туралы да сөз қозғалды. Индира Елемес бұл қарыз жайлы бұрын білмегенін, ақша берілгеніне куә болмағанын айтты. Бұл соманы алғаш рет биыл маусым айында, сотта Айсулу Алпыспаевадан естігенін жеткізді.
Сондай-ақ концерт ұйымдастыру мәселесі көтерілді. Белгілі бір концертті ұйымдастыруды күйеуі Қалелхан Иманмади өз мойнына алған, ал қаражат Индира Елеместің есепшотына аударылған. Әншінің айтуынша, ол есепшотын шамамен екі жарым жыл пайдаланбаған және бұл процестерден бейхабар болған.
Сонымен қатар әнші Индира Елемес журналист Руслан Өтепбаймен сұхбат барысында Арман Дүйсеновтің қайтыс болған жеріне қатысты тараған ақпаратқа байланысты пікір білдірді. Әңгіме кезінде «студияда қайтыс болды» деген мәліметтің оның аузынан шықпағаны нақтыланды.