Құрылтай депутаты Олжас Құспеков Көкшетауда соттың 27 жастағы қызметкерінің қазасына қатысты түсінік білдірді. Алдын ала мәлімет бойынша, жас жігіт жұмыстағы қысымнан кейін өз-өзіне қол жұмсаған, деп хабарлайды Alash.kz Ulysmedia.kz ақпаратына сүйеніп.
Бұл сұрақты журналистер депутатқа Парламент ғимаратының кіреберісінде қойған. Олжас Құспеков бұл іс бойынша тергеу нәтижесін күту қажет екенін айтты.
– Шын мәнінде, бұл өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу болды ма, әлде басқа себеппен осындай қадамға барды ма – мұны бәрібір тергеу нәтижесі шыққаннан кейін анықтап, содан соң тиісті шешімдер қабылдау керек, – деді депутат.
Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер шынымен де бірқатар мәселеге тап болады. Олардың қатарында тұрақты түрде жұмыс уақытынан тыс жұмыс істеу және демалыс күндері жұмысқа шығу бар.
Құспеков мемлекеттік қызметшілерге үстеме жұмыс үшін қосымша ақы төлеу қажет екенін айтты. Оның сөзінше, бұл ұсыныс қазір Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қарауында.
– Мен әр мемлекеттік қызметшіге жұмыс уақытынан тыс істегені үшін мемлекеттік мекеме қосымша ақы төлесін деп ұсындым. Сонда әділдік орнайды деп ойлаймын. Ал кез келген басшы бұл еңбекақы қорына қосымша салмақ түсіретінін түсінсе, әр қызметкердің жұмыс режимін сақтайды, – деді Құспеков.
Депутат мемлекеттік орган басшыларының қызметкерлердің жұмысын ұйымдастыру тәсілін өзгерту қажет екенін де айтты.
– Меніңше, мемлекеттік орган басшыларының жұмысқа деген көзқарасының мәдениетін өзгертуіміз керек. Жалпы, еңбекке деген мәдениетті өзгерту қажет. Бұл мемлекеттік қызметшілерге Еңбек кодексі аясында өз құқықтарын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, – деді ол.
Бұған дейін 27 жастағы Аян Дүйсековтің отбасы оның жұмыста моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын мәлімдеген еді. Туыстары нақты лауазымды тұлғалардың әрекеттерін тексеріп, жұмыста болған жағдайлардың оның жағдайына әсер етуі мүмкін болған-болмағанын анықтауды сұраған.
Дүйсековтің артында декреттегі әйелі және бір және үш жастағы екі баласы қалды.
Полиция қазаға қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр.
Ақмола облысы бойынша Сот әкімшілігі департаменті Көкшетау қалалық соты әкімшілігінің қаза тапқан басшысы Аян Дүйсековтің отбасы айтқан айыптарға жауап берді. Марқұмның туыстары оның жұмыста моральдық және психологиялық қысымға ұшырағанын, заңсыз жазаланғанын және қызметтік пәтерден шығарылатыны туралы ескерту алғанын айтқан. Ведомство бұл мәлімдемелердің барлығын жоққа шығарды.