Әлия ұлын әткеншекпен тербетіп, кейін қашып кеткен баланың ата-анасын табуды талап етуде, деп жазады Alash.kz inbusiness.kz-сілтеме жасап .
Әлия домофон түсіріп алған видеоны қайта-қайта көріп, жүрегі қан жылайтынын айтады. Ұлының құлап қалғанын Абаттың мұғалімінен естіген ол алғашында шалынып құлаған болар деп ойлаған. Сөйтсе әткеншектен құлап, басын велосипедке ұрып алған екен.
"Балалар алаңында ойнап жүр. Абат әткеншекте отырған. Тағы бір бала артқы жағында тұрып оны қатты тербетіп тұрды. Бір кезде әткеншектің қатты тербелгені соншалық, Абат одан ұшып түсіп, жерде жатқан велосипедтің үстіне құлап түсті. Балалар Абатқа қарай жүгірді, біреуі велосипедті алып бір жаққа қойды. Абат орнынан тұрмақ болды, бірақ сылқ құлады. Тағы бір бала оны көтермек болып еді Абат құлап қалады. Мұны көрген балалар қашып кетті", – дейді анасы Әлия Сағындықова.
Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, жедел жәрдем хабар келген соң оқиға орнына шұғыл жеткен.
"2015 жылы туған ұл балаға 19:02-де жедел жәрдем шақырылды. Жедел жәрдем сағат 19:09-да оқиға орнына жетті. Бала ес-түссіз жатқан, көршілер баланың жүрегіне массаж жасаған. Медицина қызметкерлері 30 минут бойы баланы аман алып қалуға тырысты. Алайда одан еш нәтиже болмады. Дәрігерлер сағат 19:41-де баланың жүрегі тоқтап қалғанын хабарлады", – делінген хабарламада.
Қайғылы оқиға кезінде Әлияның күйеуі мен кенже баласы ауруханада жатқан. Болған жағдайды естігенде ол бірден жеткен. Әлия Абаттың денесін мәйітханаға бергісі келмегенін, алайда қарсы болғанына қарамастан ұлын алып кеткенін айтады.
"Сол күні Абаттың сүйікті бәлішін пісіріп бердім. Дәмді етіп әзірлегенімді айтып, мақтады. Кешке ойнаймын деп сыртқа шығып кетті. "Қазір келемін" деді. Қайырылып бір қарады да күлімдеді… Келесі күні маған оның денесін әкелді. Құшақтағым келді, бірақ маған рұқсат етпеді", – дейді баланың анасы.
Әлия учаскелік полицияға ұлын қатты тербетіп, Абат құлап қалған кезде қашып кеткен баланы тауып беруін талап еткен.
"Солай істеуге бола ма? Ол баланың ата-анасын тауып беруін қалаймын. Қазір мына үйде тұру мен үшін қиын. Барлығы ұлымды есіме салады. Абат қолғанатым еді. Үй шаруаларына көмектеседі, азық-түлік алып келеді, мені серуенге шығарады. Менің өмірім тоқтап қалғандай. Ата-анам қалада тұрады. Енді сол кісілерге жақын жерге көшсем деймін. Мына үйдің несиесін төлеу керек", – дейді Әлия.