Заттыбек Көпбосынұлы марқұм әкесін еске алып, жүрекжарды жазба жариялады
Танымал әнші Заттыбек Көпбосынұлы әлеуметтік желідегі парақшасында өмірден өткен әкесін еске алып, жүрек тебірентерлік жазба жариялады.
Өнер иесі жазбасында әкесіне арнап сағынышын жеткізіп, оның рухына арнаған тілегін бөлісті. Сондай-ақ анасы мен әкесінің бір-біріне деген адалдығы туралы естеліктерін айтып, туғандарының көрген түстерін де баяндаған.
Әншінің айтуынша, әкесі өмірден өткен күні қызы Динара түсінде марқұм анасын аппақ киіммен көріп, оның «Әкең келе жатыр ғой» деген сөзін естіген. Сондай-ақ жақындарының бірі әкесін түсінде Мекке мен Мәдинада көргенін жеткізген.
Жазба соңында Заттыбек Көпбосынұлы әкесінің дүниеден өткеніне бір жыл, ал анасының бақилық болғанына 25 жыл толғанын айтып, олардың рухына бағыштап ас берілетінін хабарлады.
«Сіздерді жұмақта жұп болып бірге болса екен деп тілеймін Жаратқаннан. Бақұл болыңыздар!
Әке сіз кеткелі 1 жылдың жүзі болған екен. Анам кеткелі 25 жыл. Мәңгілік өмірлеріңізге кеткелі мәңгілік сағынышыма айналдыңыздар!Бүгін қара шаңырағымызда сіздерге арнап ас беріп жатырмыз. Сіздерге Құран бағыштау үшін ағайын-туыс, құда-жекжат пен сіздердің көздеріңізді көріп, баталарыңызды алған жандарды жинап жатырмыз», – деп жазды әнші.
Заттыбек Көпбосынұлының әсерлі жазбасы әлеуметтік желі қолданушыларының жүрегіне әсер етіп, көпшілік өздерінің өмірден өткен ата-аналарын еске алып, пікір қалдырды.