Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

«Әншілер – шайтанның азаншысы»: ҚМДБ тойда айтылған пікірге қатысты ресми мәлімдеме жасады

16:07, 04 тамыз 2026

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) әлеуметтік желілерде кеңінен таралып, қызу талқыға түскен тойдағы даулы мәлімдемеге қатысты ресми үн қатып, арнайы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Alash.kz.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы (ҚМДБ) Жетісай қаласындағы тойда музыканы харамға шығарып, өнер иелерін шайтанның азаншысы деп айыптаған қонақтың сөзінен кейін туындаған қоғамдық резонансқа байланысты ресми мәлімдемеде бұл сөздердің халық арасында түсінбеушілік ұялатқанын жеткізіп, Ислам дінінің басты ұстанымы адамдарға жанашырлықпен, даналықпен насихат айту, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамау және әр азаматтың ар-намысына құрметпен қарау екенін еске салды.

ҚМДБ өкілдері: «Ислам діні даналықпен насихат айтуға, өзгелерді ауыр сөзбен айыптамауға, біреудің ар-намысына құрметпен қарауға үндейді. Сондықтан қандай да діни мәселеге қатысты өнер өкілдерін жалпылама айыптау немесе оларға ауыр сипаттама беру дұрыс емес. Сонымен қатар аналарымызды, қыз-келіншектерді бейәдеп сөзбен кемсіту де өрескел қателік деп санаймыз», – деп атап өтті.

Сонымен бірге Басқарма музыка өнеріне қатысты шариғат талаптары мен Ислам ғалымдарының ұстанымын да түсіндіріп өтті.

Мәлімдемеде: «Адамды арсыздыққа, азғындыққа және шариғат тыйым салған істерге үндейтін әндерді дініміз құптамайды. Алайда дініміз бен дәстүріміздің асыл құндылықтарын дәріптейтін, Отанды қорғауға, ата-ананы қадірлеуге үндейтін, адамгершілік пен ізгілікке шақыратын әндерге рұқсат берілетіні жайында Ислам ғалымдарының пікірі бар», – деп жазылған.

Одан бөлек, діни мекеме еліміздегі барша мұсылман қауымын, тұтас халықты әрдайым өзара сыйластыққа, парасаттылыққа, көркем мінез бен ынтымаққа шақырып келе жатқанын алға тартты. Осыған байланысты ел азаматтарын сөйлеген сөзіне жауапкершілікпен қарауға, діни сауалдар туындағанда тек ресми діни қызметте жүрген білікті ғалымдардың түсіндірмелеріне жүгінуге және қоғамның ауызбіршілігін сақтауға үндеді.

Басқарма өкілдері сөзін: «Алла Тағала халқымыздың ауызбіршілігін арттырып, рухани тұтастығын бекем еткей», – деген тілекпен қорытындылады.

Айта кетейік, Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин әлеуметтік желідегі парақшасында қоғамда қызу талқыланған мәселеге қатысты пікір білдірді. Ол тойда тілек айтып, әйелдерді, әншілерді және музыка өнерін кемсіткен азаматтың видеосын көргенін айтып, мұндай көзқарастың қазақ қоғамының ұлттық таным-түсінігіне сәйкес келмейтінін мәлімдеді.

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар