Астана қаласының 55 жастағы тұрғыны дәрменсіз күйдегі анасын қасақана өлтірді деген айыппен ұзақ мерзімге бас бостандығынан айырылды, деп жазады Alash.kz журналист Михаил Козачковқа сілтеме жасап.
Сот талқылауы барысында Сергей Овсянниковтың өз анасын буындырып, кейін бұл оқиғаны суицид ретінде көрсетуге тырысқаны анықталды. 2025 жылдың шілде айында Сергей Овсянников анасының денсаулығы кенеттен нашарлағанын айтып, үйіне медициналық жедел жәрдем қызметін шақырған. Оқиға орнына келген дәрігерлер төсек тартып жатқан қарт әйелдің қайтыс болғанын растады. Алайда мәйітті тексеру кезінде марқұмның мойын тұсынан гематомалар табылып, өлімнің тұншығу салдарынан болғаны белгілі болды.
Күдікті өз түсініктемесінде анасының сырқатына байланысты өзін-өзі басқара алмай, сүлгімен асылмақ болғанын және оны ілмектен өзі шығарып алғанын алға тартқан. Дегенмен көршілері мен таныстарының айғақтары бұл нұсқаны жоққа шығарды. Куәгерлердің мәліметінше, Овсянников еш жерде жұмыс істемеген, анасының зейнетақысына ішімдік ішіп, айналасындағыларға, соның ішінде ауладағы әйелдер мен балаларға үнемі агрессия көрсетіп келген. Сондай-ақ оның төсек тартып жатқан анасына да жүйелі түрде қол көтеріп тұрғаны анықталды.
Сот жүргізілген сараптамалар мен куәгерлердің айғақтарын негізге ала отырып, Сергей Овсянниковты кісі өлтіру бабы бойынша кінәлі деп таныды. Сот шешімімен ол 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айырылды. Қазіргі таңда сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.