Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Аманжол Әлтай: Әйелдерінен қысым көретін еркектер де бар

09:22, 21 ақпан 2024 380
Әйелдердің құқығын қорғағанымызбен, қоғамда әйелінен жәбір көретін еркек, баласынан қорлық көрген ата-аналар да бар. Бұл туралы бүгін мәжіліс отырысында депутат Аманжол Әлтай айтты.

Оның айтуынша, қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар болып жатыр.
«Қазақ деген халық анасын ардақтаған, аруын аялаған, ата-анаға құрметпен қараған халықтың өкіліміз. Отбасы – өте күрделі институт. Өкінішке қарай, бүгінгі қоғамда түрлі келеңсіз оқиғалар белең алып жатыр. Ер азаматтан қысым көрген әйел адам ғана емес, әйелден де қысым көрген еркектер де баршылық. Сонымен бірге өзінің қартайған шағында балаларынан қысым көріп отырған қарт ата-аналар да жетерлік. Біз «әкеммен ақылдасайын», «әкемнен сұрайын», «әкем біледі» деген түсінікпен өскен буын едік. Қазір «мамам біледі», «мамамнан сұраймын», «мамам шешеді» деген балалар көбейіп барады. Оған кеше ғана Қарағандыда 78 жастағы кейуананың өз баласынан зорлық-зомылық көргені дәлел болып отыр», – деді депутат.

Халық қалаулысы тіпті, ата-анасына жәбір көрсететін балалар көбейгеніне алаңдаулы.
«Қоғамда ер азаматтар мен ата-аналардың құқығын қорғау мәселесіне қандай жауап беріледі? Ақпарат саласының өкіліне айтарым, бүгінде ақпарат кеңістігінде қазақ жігіттерін, ер-азаматтарын ез, қорқақ, жалтақ қылып көрсететін түрлі контенттің көбеюі, комедиялық жанрдағы фильмдердің көбеюі нені түсіндіреді?», – деп Аманжол Әлтай Жұлдыз Сүлейменова мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің өкіліне сұрақ қойды.

Депутат Жұлдыз Сүлейменова заң жобасы тек әйелдер мен балалардың құқығын ғана қорғамайтынын айтты. Сүлейменованың айтуынша, заң әйел мен ер азаматты бөлмейді.
«Сіз айтқан оқиға қоғамда үлкен мәселе бар екенін көрсетіп отыр. Тәрбиені күшейтіп, ақпараттандыруды, психологиялық қолдауды күшейтуіміз қажет. Дәстүрлі отбасылық құндылықтар бойынша да нақты нормалар бар», – деді ол.

Ал Мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов былтыр «Әкелер күні» енгізілгенін алға тартты.

Фото: https://t.me/mazhilis_kz

 
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар