Астанада «Әділет» партиясының екінші съезі басталды, онда ұйымның болашақ даму бағыты, аймақтарда жаңа құрылымдар ашу және Amanat партиясымен бірігу процесі талқыланып жатыр, деп хабарлайды Alash.kz.
Ауқымды саяси іс-шараға партияның атынан сайланған делегаттармен қатар, еліміздегі түрлі қоғамдық бірлестіктер мен салалық қауымдастықтардың өкілдері арнайы қатысуда. Алқалы жиын алдында БАҚ өкілдері жаңадан құрылған саяси ұйымның жетекшісі Айбек Дәдебайға жолығып, бұл күштің елге бұрыннан таныс «Amanat» партиясынан басты айырмашылығы мен ерекшелігі қандай екенін сұрап білді.
Партия төрағасы өз жауабында бұған дейін билік басында болған саяси ұйымның атқарған істеріне баға беріп, сын айтудан саналы түрде бас тартты.
«Әділет» партиясының төрағасы Айбек Дәдебай:
«Amanat партиясы өз қызметі барысында халықтың қажеттіліктерін мемлекетке жеткізу міндетін атқарды. Партияның қалай жұмыс істегенін және қандай іс-шаралар жүргізгенін өздеріңіз де көрдіңіздер. Amanat дұрыс немесе бұрыс жұмыс істеді деп айту, сондай-ақ біздің ерекшелігіміз дәл осындай деп көрсету артық болар еді», — деп жауап берді.
Қазіргі уақытта съезге жиналғандар күн тәртібіндегі негізгі мәселелерді, соның ішінде өңірлердегі филиалдар желісін құру мен екі партияның бірігуін жан-жақты талқылауды жалғастыруда.