Қарағанды облысының Шахтинск қаласындағы көпқабатты тұрғын үйде болған газ жарылысынан зардап шеккендер туралы жаңа мәліметтер белгілі болды, деп хабарлайды Alash.KZ.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, қазіргі таңда ауруханада сегіз адам ем қабылдап жатыр. Олардың алтауының жағдайы ауыр болып, жансақтау бөлімінде жатыр, ал екі науқас профильдік бөлімшеге орналастырылған. Дәрігерлер барлық зардап шеккендерге қажетті медициналық көмекті көрсетіп жатыр.
Еске салсақ, бұған дейін осы оқиғаға байланысты күдікті Қарағанды облысы аумағында ұсталғаны хабарланған. Ол – 40 жастағы ер адам. Тергеу нұсқасына сәйкес, күдікті көпқабатты үйде газ баллонын әдейі ашып, соның салдарынан өрт пен жарылыс болған.
Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, күдіктінің әрекетіне құқықтық баға беру жұмыстарын жүргізіп жатыр.