Алматыда жол апатынан кейін полиция басшылары қызметтен босатылды, деп хабарлайды Alash.kz
Алматы қаласында болған адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы Ішкі істер министрі Ержан Саденов тапсырмасымен алғашқы сәттен бастап ерекше бақылауға алынды.
Polisia.kz мәліметінше, апат бойынша қылмыстық іс қозғалып, ZEEKR автокөлігінің жүргізушісі сот санкциясымен қамауға алынған. Белгілі болғандай, ол оқиға кезінде жеңіл дәрежедегі алкогольдік масаң күйде болған.
Министр тапсырмасымен қызметтік тексеріс басталып, оның ашық әрі толық өтуін қамтамасыз ету үшін Алматыға ІІМ-нің бірнеше құрылымынан тәжірибелі қызметкерлер жіберілді.
Сонымен қатар мемлекеттік нөмірлердің заңсыз берілуі мүмкін деген күдік бойынша және лауазымды тұлғаның жүргізушісіне қатысты әрекетсіздік фактісі бойынша да қылмыстық істер қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Тексеру нәтижесінде бірқатар кадрлық шешімдер қабылданып, Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметінен босатылды.
— Заң бәріне бірдей. Ешкімнің лауазымы немесе байланысы артықшылық бермейді, — деді ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Алекешев.
Ведомство азаматтарды тексерілмеген ақпарат таратпауға шақырып, жалған мәлімет үшін жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.