Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматыда ескерткіштану орталығы ашылды

10:49, 27 сәуір 2023 256
Соңғы жылдары елімізде ескерткіштерге қатысты болған келеңсіз оқиғалар оларға қатысты қандай да бір жауапты мекеменің қажеттілігін аңғартқан болатын. Осы орайда Алматыда «Қазақ ескерткіштануы бойынша ғылыми-зерттеу орталығының» салтанатты ашылу рәсімі өтті. Шыны керек мәдениеттің ордасы Алматы қаласына мұндай орталық қажет-ақ еді.
Сондықтан еліміздің ғалымдары мен археологтары, архитекторлары аталмыш мекеменің ашылуына қуаныштарын білдірді. Ғылым Ордасы ғимаратында Ш.Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты өткізген «Қазақ ескерткіштануы бойынша ғылыми-зерттеу орталығының» салтанатты ашылу рәсіміне жиналғандардың қарасының көп болуынан соны ұқтық. Бір кездері тұлғаларымыз туралы берген мәліметінен гөрі мазақ етуі басым ескерткіштер көбейген кезде мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ халқының ұлттық бірегейлігі мен бірлігін нығайтып, салаға ерекше назар аударту қажет екенін айтқан болатын. Ал өткен айда «"Соңғы кезде бір аймаққа ғана белгілі адамдарға ескерткіш орнату сәнге айналды. Жергілікті ономастика комиссиялары бұған жол бермеуге тиіс. Орынсыз шешімдерге республикалық комиссия тосқауыл қоюы керек. Әркім өз бабасына ескерткіш қоя берсе, елде рушылдық, жершілдік белең алады. Осыған назар аударыңыздар. Кеңестік кезең қайраткерлеріне, соның ішінде жаппай қуғын-сүргінге тікелей қатысы бар адамдарға ескерткіш, бюст орнату ісі әлі жалғасып келеді. Өмірде болмаған ерлік істерге толы өмірбаяндар ойдан құрастырылып жатыр. Олар туралы деректер архив құжаттарында нақтыланбаған немесе мүлде жоқ. Кейбір белсенді топтар азаматтарымызды кеңестік кезеңдегі партия және мемлекет қайраткерлерінің аңызға бергісіз өмірбаяндарына сенуге мәжбүрлеп жүр", – деп ескерткіштерге қатысты өз ойын білдірген болатын. Алдағы уақытта ескерткіштану орталығы осы олқылықтардың орнын толтыратынына сенім зор.
Негізі елімізде ескерткіштер көп ашылады. Сондықтан Орталықтың құрылуы қазіргі Қазақстан үшін ескерткіштанудың өзекті ғылыми-тәжірибелік бағытының маңызы зор екенін аңғартады. Сондай-ақ орталықтың ашылуы Ұлттық Ғылым Академиясының жүйесіндегі ескерткіштану дәстүрі іспетті арнайы мақсатты жасалған іргелі еңбектерінің жалғасы болып табылады. Осы орайда айта кетсек, елімізде 150 мыңнан аса еліміздің өткенін тануға, сан алуан мәдениетін білуге таусылмас дерек көзі болатын тарихи-мәдени, көркемдік маңызға ие ескерткіштер бар екен. Жас ұрпақты өткенімізді тануға баулуда, олардың идеологиялық, насихаттық маңызы зор. Сондықтан ескерткіштердің әрқашан ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор, идеологиялық жағынан мінсіз, насихаттық мән мағынасы ерекше болғаны жөн. Ескерткіштерге қалаға келетін қонақтар мен сырттан келетін туристер де сын көзбен қарайтын болғандықтан барлық талапқа сай болғаны дұрыс. Ал оны алдағы уақытта аталмыш Қазақ ескерткіштануы бойынша ғылыми-зерттеу орталығы қадағалап отырады деген үміт зор.
Елімізде кесенелер мен тарихи ескерткіштер де көп. Олардың күтімсіздіктен ескіріп, тозып бараа жатқаны да рас. Сондықтан кең байтақ далада тарыдай шашылған көне құрылыстарға да осы орталық ара түссе үміттің ақталғаны. Сондықтан ескерткіштану орталығын ашушылар «Қазіргі таңда тез бұзылып, жоғалып жатқан бірегей ескерткіштерді кешенді зерттеу, атрибуция, қорғау, қайта қалпына келтіру, сақтау және ары қарай пайдалану жалпы мемлекеттік маңызы бар міндет», – деп ескерткіштер мәселесіне назар аударуды сұрап отыр.

Еркенұр Қонысбай
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар