Алматының Индустриалды аймағында салынады деп жоспарланып отырған зауыт кешені қала тұрғындарын қуантып отыр. Өйткені зауыт ең алдымен қаланың дамуына серпін берсе, екіншіден жұмыс көздерінің ашылуына, көбеюіне ықпал етеді.
Әзірге өндірістік қуаты жылына 80 мың көлік шығаратын кәсіпорынның құрылысы 2023 жылы басталады деп жоспарланып отыр. Кәсіпорын EXEED озық технологиялары мен заманауи технологиялық жабдықтардың пайдалана отырып, Қытай автомобиль өнеркәсібі көшбасшыларының стандарттары бойынша салынады. Жобаға салынатын инвестициялар 72 млрд теңгені құрайды. Бірінші кезеңде зауыт кешені халықты 1500 жаңа жұмыс орнымен қамтамассыз етуге мүмкіндік береді.
Orbis Kazakhstan директорлар кеңесінің төрағасы Фаррух Махмудовтың мәлімдеуінше, бұл келісім Orbis Kazakhstan компаниялар тобының дамуындағы маңызды кезең болды.
«Біз үшін бұл компания қызметінің жаңа кезеңі, сонымен қатар EXEED International компаниясымен ұзақ мерзімді және өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екеніміздің көрсеткіші. Елдегі тартымды инвестициялық бизнес-климат, сондай-ақ жергілікті өндірістерге мемлекеттік қолдау көрсету және саладағы мемлекеттік саясаттың тұрақтылығы біз үшін маңызды фактор екенін атап өтемін. Біз Қытайдың автокөлік өнеркәсібі көшбасшыларының стандарттары бойынша жоғары технологиялық өндіріске инвестиция жасаймыз. Ол заманауи технологиялар трансфертіне, салық төлемдерінің өсуіне, сондай-ақ жалақысы жоғары жұмыс орындарын құруға ықпал етеді. Біздің жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның автомобиль өнеркәсібін дамытуға септігін тигізетініне сенімдіміз», - деді Ф.Махмудов.
2025 жылы жаңа кәсіпорынның конвейерінен Қазақстанда жасалған тұңғыш EXEED автокөлігі шығарылатыны айтылып отыр. Бұл алматылықтар үшін ғана емес, жалпы республика көлемінде қуанышты хабар болып отыр.