Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматы облысында шыққан аяқ киімді еуропалықтар киіп жүр

13:03, 13 қазан 2023 243
Бүгін Қонаев қаласында «Шебер-Fest» қолөнер фестивалі өтті.

Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған 15 шебер қыш құмыралар, зергерлік бұйымдар, ағаш, табиғи тері мен тоқыма, киіз өнімдерінен жасалған заттарын көрмеге қойды. 



Шеберлер сауда жасап та жатыр. Оның ішінде Жамбыл ауданындағы Ұзынағаш ауылынан келген «Қадам kz» брендінің негізін қалаушы Әсел Болатқызы да бар. Ол таза былғарыдан әйелдер мен ерлерге, балаларға арналған аяқ киімдер тігумен айналысады.

 

«2015 жылы өз өнімдерімізді шығара бастадық. Бұған дейін шетелдік көрмелерге де қатыстым. Біз жасаған аяқ киімдерді сингапурлықтар, жапондықтар, қытайлар, италиялықтар киіп жүр. Әлемге аты әйгілі Димаш Құдайбергеннің де жеке тапсырысын орындадық», - деді шебер.

 

Әселдің сөзінше, қазір нарықта ұлттық нақыштағы киім-кешекке сұраныс жоғары.

 

«Біздің мақсат - ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу, қазақы оюмен өрнектелген аяқ киімдерді күнделікті қолданысқа енгізу. Ол үшін аяқ киімдердің бағасын қолжетімді еттік, 6 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейін. Қазір ұжымда 5 маман бар. Тағы да үйренемін, осы саланы меңгеремін деушілер болса, есігіміз әрдайым ашық. Біздің өнімдер Алматыдағы базарларда, онлайн сауда орталықтарына қойылған. Халық арасынан сұраныс жылдан-жылға артып келеді», - деді Әсел Болатқызы.

 

Әселдің бұл сөзімен Астанадан ат терлетіп келген зергер Берік Сәтінбекұлы да келісіп отыр.

«Ұлттық өнерімізді кенжелетіп алған кездеріміз болды. Десе де, менің атам, әкем осы зергерлікті маған мұра етті. Қазір балаларым да зергерлікпен айналысады. Расында да, сұраныс өте жоғары. Сондықтан еліміздің бас қаласынан жеке музейімді де аштым. Осындай шаралар көптеп ұйымдастырылып, қазақы мәдениет, салт-сана, әдет-ғұрпымыз насихатталғаны дұрыс», - деді зергер.

 

Бүгінгі шарада келген қонақтарды айтулы күнмен облыстық мәдениет басқармасының басшысы Данияр Алиев құттықтады. Көрмені тамашалауға келген жұрттың қарасы да көп болды.
Бұл мақала туралы не ойлайсыз?
Жарнама
Соңғы жаңалықтар