Тірі болсам, қазаққа қызмет етпей қоймаймын!

Әлихан Бөкейхан

Алматы әкімдігі 1 қыркүйекте алғашқы қоңырау болмайды деген мәлімдемесін жоққа шығарды

20:03, 23 тамыз 2024 367

Әкімдік өкілдері 1 қыркүйекте Алматы мектептерінде алғашқы қоңырау соғылмайды деген мәлімдемені енді жоққа шығарды, деп хабарлайды Alash.KZ.

Қаладағы барлық мектепте білім күніне арналған салатанатты шара 1 қыркүйекте өтетіні туралы хабарланды.

«Білім күні» 1 қыркүйекте 1-сынып оқушыларының қатысуымен «Мектебім – мейірім мекені» тақырыбында салтанатты іс-шара түрінде өткізіледі.  

2 қыркүйекте бірінші сабақта 2-11 сынып оқушыларының қатысуымен «Менің Отаным – Қазақстан!» тақырыбында дәстүрлі сынып сағаты өтеді, одан кейін сабақтар кесте бойынша жалғасады», – делінген әкімдік таратқан ақпаратта.

Осыған орай Оқу-ағарту министрлігі барлық өңір «Білім күнін» 1 қыркүйекте атап өтетінін тағы бір мәрте еске салды.

«Білім күніне арналған салтанатты іс-шара еліміздің барлық өңірлерінде дәстүрлі түрде 1 қыркүйекте өтеді. 2024-2025 жаңа оқу жылында 345 мың бірінші сынып оқушысы алғаш рет мектеп партасына отырады. Олар үшін 1 қыркүйекте «Мектебім — мейірім мекені» тақырыбында салтанатты шара өтеді», – деп хабарлады Оқу-ағарту министрлігінің ресми өкілі Мереке Амангелдіқызы.

Министрлік 1 қыркүйек демалыс күнінен түскеніне орай барлық мектеп мұғаліміне қосымша ақы төленетінін де мәлімдеді.

«Педагогтердің еңбегіне ақы төлеуге қатысты Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 79-бабына сәйкес жұмыс беруші қызметкердің нақты жұмыс істеген және жұмыс істемеген уақытының есебін жүргізуге міндетті екенін хабарлаймыз» , – деп  толықтырды ресми өкіл.

Еске салайық, бүгін, 23 тамызда Алматы қаласы білім басқармасы басшысының орынбасары Айдын Сайлаубай мен Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова  биыл қала мектептерінде 1 қыркүйек күні оқушылар мектепке бармайды деп күтпеген мәлімдеме жасады. Шенеуніктер білім күніне арналған салтанатты жиын 2 қыркүйек күні өтеді, оның өзі 10-15 минутқа ғана созылатын айтқан еді. 

Бұл мақала туралы не ойлайсыз?