Алаш ардақтысы Әлімхан Әбеуұлының туғанына 135 жыл толуына орай елордада Ә.Ермеков атындағы №38 мектеп-лицейінде мазмұнды іс-шара өтті, деп жазады Alash.kz ұлттық порталы.
Қазақ елінің шекарасын шегендеп, кең байтақ жерімізді жанқиярлықпен қорғап қалған қайраткер тұлға, қазақтан шыққан тұңғыш математика профессоры, ағартушы ұстаз Әлімхан Әбеуұлының есімін ұлықтауға арналған іс-шара аясында «Әлімхан әлемі» мұражай-бұрышы ашылып, онда Алаш қайраткерінің сирек кездесетін суреттері мен құнды құжаттары көпшілік назарына ұсынылды.
Мұражай қорына Алаш арысының немересі Олег Мағауияұлы да үлкен үлес қосып, Әлімхан Әбеуұлының өзі пайдаланған жеке заттарын аманаттап табыстады.
Мұражай қорына тапсырылған құнды жәдігерлер қатарында Әлімхан Әбеуұлы қолданған екі кітап, механикалық арифметикалық есептеу құралы, қол сағаты, тұрмыстық пышақ пен бәкі, сабақ барысында пайдаланған сызғыштар, транспортир, логарифмдік және фигуралы сызғыштар, сондай-ақ қалам-қарындашқа арналған үстелдік қойғыш бар.
Сондай-ақ іс-шара барысында Алаш қайраткерінің өнегелі өмір жолы мен баға жетпес мол мұрасын насихаттайтын «Әлімхан әлемі» атты жинақ-кітабының тұсаукесері өтті.
Сонымен қатар елордалық мектеп оқушылары арасында тұңғыш рет «Әлімхан әлемі» зияткерлік үстел ойыны мен математика пәнінен «Ермеков олимпиадасы» өтіп, Алаш мұрасын танып-білуге құштар жас өрендер білім бәйгесінде бақ сынады.
Жарыс соңында жеңімпаздар бен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.